Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, ел чемпионы бір тур бұрын белгілі болған еді. Чемпиондықтан басты үміткер «Астана» сырт алаңда «Тобылды» 1:0 есебімен тізе бүктірсе, «Қайрат» «Ертістен» 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Нәтижесінде «Астана» алтыншы жыл қатарынан чемпиондық тұғырға көтерілді. «Астана» өз алаңында соңғы турда Павлодардың «Ертісінен» 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Ал «Қайрат» Алматыда «Атырауды» 2:1 есебімен жеңді. Соңғы турда үшінші орынға қай команданың ие болатындығы анықталды. Үздік үштікке іліуге «Ордабасы» мен «Тобыл» командалары үміткер болды. Нәтижесінде «Ордабасы» өз алаңында «Таразды» 3:0 есебімен тізе бүктіріп, қола жүлдегер атанды. Ал Қостанайда «Тобыл» «Ақтөбені» 2:1 есебімен жеңгенімен төртінші орынды қанағат тұтты. Қызылордада жергілікті «Қайсар» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» 1:1 есебіне қанағат білдірсе, Талдықорғанда «Жетісу» Қарағандының «Шахтерін» 3:2 есебімен тізе бүктірді. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан чемпионатында барлығы тоғыз команда алтыннан алқа тақты. Бұған дейін елордалық «Астана», Павлодардың «Ертіс», «Ақтөбе» командалары - 5, Семейдің «Елімайы» мен елорданың «Жеңіс» (кейіннен «Астана-1964») -3, Алматының «Қайраты» мен Қарағандының «Шахтері» -2, Қостанайдың «Тобылы» мен «Тараз» -1 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Биыл «Ақтөбе» және «Атырау» командалары төменгі топқа түсіп қалды. Алдағы жылы олардың орнын бірінші лигадада жеңімпаздар қатарынан көрінген а Петропавлдің «Қызылжар» және Ақтаудың «Каспий» клубтары басады. Ал Премьер-лигада 10-орынға тұрақтаған «Тараз» бен Оралдың «Ақжайығы» қосымша бір жолдама үшін 15 және 18 қараша күндері тартысқа түседі.