« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Дүние жүзінде халық саны өскен сайын азық-түлікке, тамақ өнімдеріне деген сұраныстың арта беретіні белгілі. Болашақта азық-түлік өнімдерін молынан экспорттаушы мемлекеттердің ықпалы күшейеді. Қазіргі таңда әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы мәселелерін шешуде Қазақстанның аса маңызды рөлі биік мінбелерде аз айтылып жүрген жоқ. Мәселен, БҰҰ Азық-түлік ауыл шаруашылығы ұйымының (UNFAO) бас директоры Жак Диуфтың «жаһандық ауыл шаруашылығы жүйесіндегі Қазақстанның атқарар рөлінің маңызын атап өткен жөн. Өзінің бай табиғи қазынасының арқасында бұл мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту бойынша зор басымдықтарға ие. Соның арқасында Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзін жаңа деңгейге көтере алатыны сөзсіз» деген пікірін айтсақ та жеткілікті.
Иә, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызы зор. АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді салалық бағдарламаларын қабылдап іске асыруда.
Етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы 10 жыл ішінде бордақылау алаңдары және ет комбинаттарымен кооперацияланып жұмыс істейтін 80 мың отбасылық фермерлік шаруашылық құруды көздейді. Бағдарлама сиыр еті мен қой етінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Сыр өңірінде мал шаруашылығына тұрақты қолдау арқасында мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған 1993 жылдағы көрсеткіштен асты. Соңғы 5 жылда ет өндірісі 2,8 есеге, ал, сүт өндірісі 1,7 есеге артты. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін 2022 жылға дейін дамытудың «Агрокартасы» әзірленіп, іске асырылуда. Агрокарта аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2021 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалған.
Агрокартаға сәйкес мал шаруашылығы саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елдерден асылтұқымды ірі қара әкелініп, облыста 8 репродуктивтік шаруашылық ұйымдастырылды. Сонымен бірге, аймақ халқын сапалы экологиялық таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету үшін 1200 басқа арналған сүт өндіру кешенінің, 1000 басқа арналған екі бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Ет, сүт шаруашылығын дамытумен қатар, облыста 5 құс шаруашылығы ұйымдастырылып, жұмыртқа өндірісі 1,6 есеге артты.
Осылайша, облыста ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланды деп айтуға болады. Өңірде жылына 25 мың бас ірі қара бордақылайтын алаңдар жұмыс істейді. Облыс аусыл ауруынан буферлік аймақтан шыққан соң Иранға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Моңғолияға, Ресейге, Өзбекстанға тірілей қозы, ірі қара экспорттала бастады.
Ет өнімдері экспортын ұлғайтуға ет комбинаттарының жұмыс істеуі серпін бермек. Осы мақсатта Қызылорда қаласында «Сыр маржаны» ЖШС-ның экспортқа бағытталған, жылдық қуаттылығы 5 мың тонна ет өңдеу комбинатының құрылысы басталды. Жобалық құны 832,5 млн теңге болатын ірі нысанға Қызылорда қаласына қарасты Талсуат елді мекенінен 15 гектар жер телімі беріліп, 18 мамырда іргетасы қаланды.
«Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мінәжадин Өтеевпен әңгімелескенімізде, құрылыс жоспарға сай жүріп жатқанын, биыл жоба құнының 30% қаржысы игерілетінін айтты. Комбинатты іске қосу 2020 жылдың тамыз айына жоспарланған.
Ет комбинаты іске қосылған кезде шұжық, консервідегі ет өнімдері шығарылатын болады. Вакуумдық қаптамада жылына 5 мың тонна ет өндірілмек. Жалпы өндірілген өнімнің 60%-і экспортқа шығарылады деп есептелуде. Қазіргі таңда экспортқа шығару бойынша келісімдер жүргізілуде.
Серіктестік басшысынан комбинатта қай елдің технологиялық қондырғылары орнатылатыны туралы сұрадық.
– Комбинат өнімдері негізінен Біріккен Араб Әмірлігі, Бахреин, Иран секілді халал өнімдер тұтынатын елдерге жіберілетін болғандықтан қондырғыларды Түркия мемлекетінен алуды жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпкер.
Ет комбинаты іске қосылғанда 25 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ал қазіргі күні оның құрылысына жергілікті тұрғындар да атсалысуда. Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Айнагүл Жайдариева жұмыссыз жүрген тұрғындарды осы құрылысқа жіберілгенін айтты. Ауыл тұрғындарының құрылысқа араласып жатқанын «Сыр Маржаны» басшысы да растады. Комбинат іске қосылғаннан кейін де онда жұмыс атқаратын мамандар арасында ауыл тұрғындары болары анық.
Ойға алған жоспар сәтімен жүзеге асып, аталған нысан жұмыс істей бастаса, бұл – облыстың аргоөнеркәсіп саласындағы үлкен жетістік. Ол өз кезегінде жаңа жобаларға серпін береді. 2019 – 2022 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жоба саны – 79, оның құны 9,8 млрд теңгені құрап отыр. Осы жобалар іске қосылған кезде 514 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биыл инвестициялық құны 2,3 млрд теңгенің 20 жобасын іске қосу көзделген. Бүгінгі күнге құны 2 млрд теңгенің 18 жобасы іске қосылып, 193 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 7 күріш өңдеу зауытын ашу, 7 ет бағытындағы репродуктор шаруашылық құру, 2 мал бордақылау алаңы және мал сою пункті, 1 сүт бағытындағы сауын сиыр фермасы, 1 сүт қабылдау және өңдеу цехы бар. Жыл соңына дейін қалған 2 жобаны – мал сою пункті және репродуктор шаруашылық құру, сондай-ақ, мал бордақылау алаңын іске асыру жоспарлануда.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |