Бата беру – ұлтымыздың ежелден қалыптасқан рухани құндылықтарының бірі. Ол арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу аға буынның міндеті болған. Ал қария болу дегеніміз – елдің басы болу, ауыл-аймақтың ынтымағын ұйытып, бірлігін сақтау, жастарға ақылын айтып, жөн сілтейтін даналығымен дараланып, елдің құрметіне бөлену. Бір сөзбен айтқанда, үлкеннің батасы жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне негіз боларына берік сенім қалыптасқан. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ардагерлер мен жастар арасында «Батамен ел көгерер» атты облыстық байқау өтті. Тағылым-танымы мол шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ашып, байқауға келген аға буын өкілдері мен жастар арасындағы сабақтастықтың түпкі мақсатына тоқталып, қатысушылардың талабына сәттілік тіледі.
– Ұлттық салт-дәстүрді ардақтап, құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді рухани жаңғырудың алғышартына айналдыра отырып, аға буын мен өскелең ұрпақ арасындағы байланысты нығайту мақсатын көздеген бүгінгі байқауымыз көпшілік қауымның да көңілінен шығарына сеніміміз мол,– деді С.Дүйсенбаев.
Байқауға қатысушылардың алды тоқсан жастың төріне шыққан қариялар болса, соңы жиырма-отыздағы жастар. Сайысты Сырдария ауданынан білім саласының ардагері Рақымжан Байменов, Жалағаш ауданынан білім, қаржы салаларының ардагері Молот Тағанов, Жаңақорған ауданынан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шайдарбек Әшімұлы сияқты аға буын ақ батасымен бастады. Бұдан әрі бата беру дәстүрін Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Өмірбек Қуанышбек, бірнеше байқаулардың жүлдегерлері Әлімжан Расул, Сағит Дәулет сынды жастар жалғап әкетті.
Байқаудың шарты бойынша «Ел есіндегі баталар» кезеңінде қатысушылар тарихта есімі сақталған тарихи тұлғалардың баталарын нақышына келтіріп айтты. Сол сияқты, «Ұлттық салт-дәстүрдің біреуіне арнап өз батасын беру», «Салт-дәстүрлер тақырыбындағы викторина сұрақтарына жауап беру» бойынша сыннан өтті. Айта кетейік, батагөйлер байқауына белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махмұтбай Әміреұлы, Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова қазылық жасады.
Байқау қорытындысында облыстық ардагерлер кеңесінің І дәрежелі дипломымен Шиелі ауданынан Жақай Сақбаев, ІІ дәрежелі дипломмен Жаңақорған ауданынан Ұлжан Әбілқасымова, ІІІ дәрежелі дипломмен Сырдария ауданынан Рақымжан Бәйменов және Қармақшы ауданынан Дәріқұл Махамбетов марапатталды. Жеңімпаздардың бәріне қаржылай сыйлық табысталды.
Айта кетейік, шара аясында батагөйлер дөңгелек үстел басында пікір алмасып, ұлттық құндылық тақырыбында ұлағаты мол әңгімелер айтып, қазыналы қарттар мен жалынды жастар өзара ой-пікір алмасты.
Ғазиза ӘБІЛДА.