Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов аймақтағы діни бірлестік жетекшілерімен кездесті. «18 қазан рухани келісім күніне» орай 18 қазан – 18 қараша аралығында аймақта «Руханият және дәстүр» айлығы жарияланып, рухани іс-шаралар мен дінаралық және ұлтаралық келісімдерді одан әрі нығайтуға жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Қ.Ысқақов кездесу барысында «Еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап өзін зайырлы мемлекет ретінде қалыптастыра отырып, мәдениетаралық, өркениетаралық және этноконфессияаралық келісімге қол жеткізді. Бұл біздің мемлекетіміздің дін саясатындағы оң жетістігі мен өзіндік моделінің қалыптасуы деп білеміз. Дін қашанда адамзат пен қоғам үшін мәдени өркениеттің маңызды ошағы болуда. Мемлекетіміздің дін саясаты мен ұстанымы еліміздегі 130-дан астам этнос пен 18 конфессия өкілдерінің достығы мен бірлігін арттыруда» деді.
Сонымен бірге, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Абуов пен «Қызылорда қаласы Қазан құдай Ана Иконасы храмының приходы» православие шіркеуінің настоятелі Виталии Ивашинин дәстүр мен діннің мемлекеттегі орны туралы пікірлерін білдіріп, өз ойларын ортаға салды.
Кездесу соңында облыс әкімі Қ.Ысқақов аймағымызда дінаралық келісімді сақтауға белсене атсалысып, өз үлестерін қосып жүрген бірқатар дін қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады.