Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова басқа жұмысқа ауысып жатыр. Бұл туралы министрдің кеңесшісі Ерболат Мұхаметжан facebook-тегі парақшасында жазды.
«Білім және ғылым вице-министрі Ф.Н. Жақыпованы қызметінен босату мәселесі бойынша келесіні хабарлаймыз: қазіргі уақытта осы лауазымды тұлға басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Заңнамасына сәйкес атқарып отырған қызметінен босату бойынша келісу рәсімі жүргізілуде», - дейді Е.Мұхаметжан.
Еске салсақ, бұған дейін Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова ғылыми дәреже мен атақты заңсыз тағайындау мәселесі бойынша өзіне қатысты айыптауға жауап беріп, айыптаушыларды сотқа бергендігі туралы хабарлаған болатынбыз.
«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлық және ғылыми дәреже мен атақты заңсыз тағайындау туралы маған қатысты ақпарат тарап жатыр. Бүгін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы диссертацияны тексерді. Қазақстанда жазылатын ғылыми еңбектерді плагиатқа тексеретін жалғыз бағдарлама тек аталған орталықта бар» деген вице-министр анықтама скриншотын көпшілікке ұсынған еді.