«Байқоңырдағы» Ресей Федерациясының жалдауынан шығарылатын 11,6 мың гектар жер республикалық маңызы бар нысандарды салуға пайдаланылмақ, деп хабарлайды
«Хабар 24».
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтылды. Дәл қазір Мәжілісте Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы қаралуда.
Жандос Жұмабек, тілші:
– Қайтарылатын жер учаскесі республикалық маңызы бар нысандарды салу үшін қайта бөлінетін болады. Нақты айтқанда бұл жерге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізін, Алматы-Мәскеу теміржолын салу және «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының желілік бөлігі өтеді. Сондай-ақ Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Төретам кентінің аумағын кеңейтіп, дамыту көзделуде. Бұл жалпы өңір үшін әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан оң әсер етеді. Сонымен қатар жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал ететін болады деп болжанып отыр. Айта кетейік, 1994 жылы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттамаға, 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында екі ел президенттерінің қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңірлік ынтымақтастық жөніндегі 16 форумда қол қойылған болатын. Хаттамаға сәйкес, бұл «Байқоңырдағы» Ресей Федерациясының жалдауынан шығарылатын алаңы 11,6 мың гектар жер учаскесін қайтарып алуды көздейді. Мәжілістің барлық тұрақты комитеттері осы Хаттаманы оң бағалап, ратификациялауды ұсынды. Бұдан өзге бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырсында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану», мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру» және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралды.