ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Мемлекеттік қызмет мектебі» тыңдаушыларына сертификат табысталды.
Оның мақсаты - мемлекеттік қызметке талаптанған жоғары оқу орындарының 3-4 курс студенттерін қолдау, олардың мемлекеттік, квазимемлекеттік секторда тәжірибеден өтуін қаматамасыз ету және мемлекеттік қызметке орналасуға арналған тестке дайындау.
Жыл басында департаменттің бастамасы негізінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы аталған мектептің жұмысын ұйымдастыру мақсатында үшжақты меморандумға қол қойған болатын. Меморандумға сәйкес, жоғары оқу орындарының студенттері ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы базасында қысқамерзімді оқудан өтті. Облыстық басқармаларда бір апталық тәжірибеден өтіп, мемлекеттік органдардың жұмысымен танысты. Шараны департамент басшысы Нұрман Талқанбаев ашып, мектеп талаптарына сәйкес барлық кезеңдерден өткен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 10 студентіне сертификат табыстады.