« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Атымтай – атына заты сай жігіт. Мінезге бай азаматтың С.Сейфуллин атындағы шаруашылықта еңбек еткеніне биыл тура 40 жыл болыпты. Туған ауылындағы №137 орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін трактор руліне отырды. Еңбек жолын 16 жасында бастаған Атымтай шаруашылық басшыларының айтқанын екі етпей, еңбек майданына араласты. Мықты механизаторлардан ақыл-кеңес ала жүріп, темір тұлпардың «құлағында» ойнауға талпынды. Өндірістен қол үзбей кешкі мектепті үздік бітірді.
Ауылда 5-6 жыл еңбек еткеннен кейін техника маманы болу үшін арнаулы оқу орнында білім алу керек екенін ұғынды. Сөйтіп 1985 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ауылшаруашылық техникумының «техник-механик» мамандығының күндізгі бөліміне оқуға түсті. Техникадан хабары мол ынталы жас алғашында оқудан қиналғанымен, уақыт өте бәрін тез игеріп кетті. Техникумды бітіріп, механик дипломын алып, туған ауылына оралды. Мал шаруашылығында, фермада механик болды. Бірыңғай мал бордақылау кешенінің жұмысымен айналысты. Семіртілетін малға шөпті турап, булап беру, қыстық мал азығын дайындау Атымтай бастаған механизаторлардың мойнында болды.
Қашан да жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын азаматтың кезінде шаруашылықтың ет жоспарын орындауына қосқан үлесі мол. Жұмыста қабілетімен көзге түскен Атымтай шаруашылық орталығындағы шеберханаға шақырылды. Егемендіктің бастапқы жылдарында нарықтық қатынасқа төтеп бере алмай, шаруашылықтың шаруасы шатқаяқтаған кезде де механик А.Есназар сүйікті мамандығынан қол үзген емес. Бірді екі, жартыны бүтін етем деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, уақытпен санаспай еңбек етті. Көбіне іссапарда жүріп, айырбаспен (бартер) жұмыс жасады. Әйтеуір шаруашылықты қиындықтан құтқару жолында аянбай еңбек етті. Қиындықтан, жауапкершіліктен қашқан жоқ. Туған ауылы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын шебер механик 2006 жылы бас инженерлікке тағайындалды. 13 жылдан бері осы жауапкершілігі мол жұмыста еңбек етіп келе жатқандықтан Атымтай Есназар өз ісінің білгір маманы атанды.
Биыл шаруашылық егіннен мол өнім алды. 1 мың гектар күріш алқабының әр гектарынан 65 центнерден өнім жинады. Науқанға техника толық қатысып, жұмыста үзіліс болған жоқ. Атымтай бастаған механизаторлар ерен еңбектің үлгісін көрсетті.
Аудан орталығында өткен «Алтын дән» мерекесінде Атымтай Есназардың 40 жылғы қажырлы еңбегі ескеріліп, су жаңа «Нива» көлігі сыйлыққа берілді. Еңбекқор азаматқа лайықты құрмет көрсетілді.
Атымтай өнегелі отбасының басшысы. Зайыбы Мира көп жылдан бері аудандық ауруханада медбике болып қызмет атқарады. Ұлы Әділ – мұнайшы. «ҚазПетролеумгруп» ЖШС-да оператор. Оның келіншегі Сандуғаш та аудандық ауруханада медбике. Үй іші немеренің шат күлкісіне бөленген Атымтайдың отбасы еңбектен бақытын тапқан жандар.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ.
Сырдария ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |