« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жуырда өткен облыстық ауыл әйелдер форумы ел ішінде кәсіпті дөңгелетіп жүрген нәзік жандардың есімін көпке танытты. Форумның негізгі мақсаты да осы, яғни, кәсібімен жетістікке жеткен ауылдардағы кәсіпкер әйелдердің жетістігін насихаттау. Форумға қатысқан кәсіпкер әйелдердің бірі – көпбалалы ана Ақтоты Абдуова.
Кішкентайларын балабақшаға апарғанда бүлдіршіндер үшін орын жеткіліксіздігін байқаған ол осы олқылықтың орнын толтыруға үлес қоссам деген ойды естен шығармады. Ойға алған іске алғашқы қадам жасап та көрді. Балабақша үшін ең алдымен ғимарат керек екені сөзсіз. Тәуекелге бел буып екінші деңгейлі банктерден несие алып, шаңырағын балабақшаға бейімдеп жабдықтады.
Тынымсыз еңбек нәтижесіз емес. Шағын үй тәуір балабақшаға айналды. Уақыт талабына сай етіп жабдықталған, 75 орындық «Бақ-Нұрбөбек» балабақшасы 2017 жылы пайдалануға берілді. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Себебі, бұл – бүлдіршіндер үшін балабақша, жұмыс таппай жүргендер үшін жаңа жұмыс орны еді.
Уақыт өте келе кенттің кішкентай тұрғындары үшін әлі де балабақша жеткіліксіздігі сезіле бастады. Бұл кезде біраз тәжірибе жинаған Ақтоты екінші бақшаны ашуда аса қиналмады. «Аяла» 50 орындық балабақшасы да кішкентайларға толды. Кәсіпкердің ендігі ойы – сапалы тәрбие беру. Кішкентайларын сеніп тапсырған ата-аналар өзіне жауапкершілік жүгін артқанын сезінген Ақтоты Абдуова қос балабақшаның уақыт талабына сай, жоғары деңгейде қызмет көрсетуі үшін еңбек етті.
Бұл орайда халық тұрмысымен санасқан кәсіпкер тұрмысы төмен отбасы бүлдіршіндерінің балабақшадан тыс қалмауын назарда ұстады. Бүгінде екі балабақшада 30 тұрмысы төмен отбасы балалары ақысыз тәрбиеленуде. Биыл мұнда мектепке дейінгі даярлық тобы ашылған. Бұл да – уақыт сұранысы. Уақыт көшіне ілесе білуді мақсат еткен Ақтоты кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының көмегіне жүгініп, жақында Түркиядан аға сеньорлар шақыртты. Олар балабақша мамандарына кішкентайларға ағылшын тілін үйрету бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Көпбалалы кәсіпкер қоғамдық жұмысқа белсене араласады. 2015 жылдан «Болашаққа қадам» қоғамдық бірлестігінің негізін қалап, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасап келеді. Аудандық іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы ретінде кәсіпкерлікке бейімі бар нәзік жандарға бағыт-бағдар беруде белсенді жұмыс жүргізуде.
– Әйелдер форумы отбасы, бала тәрбиесімен қатар кәсіпті дөңгелетіп жүрген іскер әйелдер еңбегін насихаттауға бағытталды. Бұл шарада жолындағы кедергілерге қарамастан тәуекел етіп, іс бастаған еңбекқор нәзік жандардың өмір жолы, еңбегі тәнті етті, – дейді ол.
Форумда Ақтоты Абдуова облыс әкімінің марапатына ие болды.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |