Қолөнершілер тәжірибе алмасты

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да «Руханият және дәстүр: қазақ халқының ұлттық қолөнері» шарасы өтті. Тұңғыш Президент-Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған шарада аймақтағы қолөнер шеберлері өзара тәжірибе алмасты. Тәжірибе алмасу сағатына Дәстүрлі өнер институтының «Сәндік қолданбалы және бейнелеу өнері» кафедрасының профессор-оқытушылары қатысты.  

Аймақтағы кәсіби қолөнершілер мен білім алушылар арасында тәжірибе алмасу, кәсіби қолөнерді насихаттау және қолдау әрі рухани құндылықты нығайтуды мақсат еткен отырыста облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова сөз сөйлеп, ұлт құндылығына қатысты өз ойын жеткізді. Сондай-ақ, ҚР Қолөнершілер одағының мүшелері Жәнібек Маханбет, Пахраддин Садықов, Қаныкүл Берденқұлова, Бақыткүл Райымбаева, Мырзабек Қаныбаев, Мұрат Жәрімбетов сияқты ағаш пен кілем тоқу шеберлері өзара пікір алмасып, ұлттық қолөнердің маңызына тоқталды.

  – «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» деген халық даналығы. Әлем­дегі әр жұрттың өзіндік ұлттық өнері болады. Қазақ қолөнері адамның дүние­танымына, сеніміне, адамгершілік-мораль­дық қасиеттердің қалыптасуына, эстетика­лық сезіміне, алға қойған мақсатының айқындалуына әсер етеді. Ұлтымыз «Жі­гітке жеті өнер де аз», «Аталық айтар ісің болсын» деп, өнерді құдіретті күш, рухани байлық, адамның жан серігі  деп бағалаған, – дейді шараны ұйымдастырушы, «Сәндік қолданбалы және бейнелеу өнері» кафед­расының аға оқытушысы, педагогика ғы­лым­­дарының магистрі Айдана Әлайдарова.

Дәстүрлі өнер институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы Ғани Байұлов іс-шараның маңызын, сондай-ақ университетте дәстүрлі өнер институтының құрылғанын айтып, қонақ­тарға алғысын білдірді. Шеберлер де білім алушыларға өз бұйымдарынан кәдесыйлар табыстады.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қараша 2019 г. 627 0