5G мобильді технологиясы болашақты қалай өзгертеді?

Уестердің шетінде орналасқан алпауыт Bosch компаниясында 400 машина мен 1,200  жұмысшы конвейердегі машина жинау процесін басқарады. Егер қандай да бір машинада ақау табылса, конвейер тұтас тоқтап, машинаның жетпей тұрған бөлшегі табылғанша күтеді. Ал қазір сенсорлы жүйенің көмегімен сондай кедергілердің алдын алып, өндірісті тоқтатпаудың амалын жасауға болады. Bosch Британиядағы 5G орнатылған өндіріс орындарының алғашқысы саналады. Barclays өкілдерінің айтуынша, ол Ұлыбританияның экономикасын жыл сайын 15,7 миллиард фунд стерлингке арттырады.
Одан бұрын қолданыста болған 4G жүйелері өндіріс ошақтарында аса пайдалы болмады, себебі олардың жиілік диапазоны жүздеген машинадан келетін сигналдарды миллисекундтық нақтылықпен бақылауда ұстай алмайтын. Ал 5G-дің мүмкіндіктері одан жоғары болғандықтан, ол өндіріс орындарынан да басқа секторларға пайдасын тигізе алады. Qualcomm-ның айтуынша, 2035 жылға қарай 5G байланысы тамақ өндірісі мен қызмет көрсетуде, сауда-саттық пен денсаулық сақтауда, білім беру мен транспорт саласында, көңіл көтеру және өзге де салаларды қоса есептегенде 12,3 триллион АҚШ долларына жететін пайда әкеле алады. Осы ретте 5G-дің әлемдік экономикаға тигізетін ең үлкен үлесі мен жаңалығы – адамдардың алыстан жұмыс істеу мүмкіндігінің пайда болуы.
Жырақтан операция жасайтын дәрігерлер
Мәселен, денсаулық сақтау саласын алайық. Хирургтар алыстан виртуалды скальпельдің көмегімен ота жасап, барлық процесті алыстан басқара алады. Ал шынайы скальпельді басқа дәрігерлер ұстап, кесіп тұрады. 5G байланысы арқасында ақпарат пен бейне аса дәлдікпен жеткізіліп, шынайы уақыт кеңістігін сақтауға болады. Сонымен қатар, телемедицина нарығы алдағы он жылда 17 есе өсіп, 2022 жылға дейін 64 миллиард АҚШ долларына дейін пайда әкеледі деген болжамдар бар. Мұның барлығы да денсаулық сақтаудағы ең үздік сервисті төмен бағада көпшілікке қолжетімді етудің амалдары деуге болады. Қазірдің өзінде ауруханаларды жаңа технологиямен жабдықтау қолға алынды. Осы жылдың қаңтар айында Қытайда 5G байланысы көмегімен алыстан жасалатын алғашқы операция болды. Хирургтың айтуынша, деректердің кедергіге түсуін барынша төмендеткен кезде операцияны ойдағыдай аяқтауға мүмкін болды. Ericsson компаниясының жақында жасаған мәлімдемесіне орай, 5G алыстан жасалатын операциялар үшін міндетті болады.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қараша 2019 г. 302 0