Кадрлық резерв қалыптасады

Сырдария ауданында партияның кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары пилоттық жоба ретінде жүргізілуде. Осыған орай, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, партияның Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып баспасөз мәслихатын өткізді.

Брифингте А.Әлназарова пилоттық жобаның ерекшелігі туралы түсіндірді. Ал, Е.Жақып партияның кадрлық резервіне іріктеуге қатысуға өтініштер беру және партияның ядролық электоратын қалыптастыру ережелерімен таныстырды.

– Өздеріңізге белгілі, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың басқаруымен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Елбасы партия жұмысын жүйелі жаңғыртудың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасын ұсынды. Жаңғыру бағдарламасы аясында Сырдария ауданында «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары бастау алып отыр, – деді А.Әлназарова.

Партия төрағасы нұротандықтарға халыққа жақын болып, оның мұң-мұқтажын білу, қолдау, қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесіп, халықпен кері байланыс орнатуды тапсырған болатын. Әрине, бұл мақсатқа жету үшін аймақтағы барлық партия мүшелері ел өміріне белсенді атсалысып, халыққа жақын болуы тиіс. Сонда ғана партия азаматтар үшін ашық әрі қолжетімді, халықтың мүддесін тиімді қорғайтын болады. Сырдария ауданынан бастау алып отырған іріктеу жұмыстарының негізгі мақсаты – жаңғыру бағдарламасында көзделген партияның ядролық электоратын қалыптастыру.

Ядролық электорат – бұл халықтың арасынан шыққан, оның барлық мұң-мұқтажын білетін, жаңа қоғамдық пікір иелерінің тобы. «Nur Otan» белсенді мүшелерін топтастыру арқылы бастауыш ұйымдардың ролін көтерумен қатар, халықпен, оның барлық әлеуметтік топтарымен нақты жұмыс істеу қағидасын да өз жұмысының негізгі мақсаттарының бірі ретінде жүзеге асырып келеді.

– Мемлекет басшысы резерв жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Іріктеуге түрлі салалардың өкілдері, түрлі кәсіп иелері қатыса алады. Олар міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болуы шарт емес, квазимемлекеттік сектор, жекеменшік сектор, азаматтық қоғам өкілдері бола алады. Іріктеуге сотталмаған және Сырдария ауданында тұратын 20 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Кадрлық резервке тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар «Nur Otan» партиясының қатарына қосылуға ниет білдірген азаматтар өтініш бере алады, – деді Еркебұлан Жақып.

Айта кету керек, Сырдария ауданында 24 бастауыш партия ұйымы, оның 3461 мүшесі бар.

Шынар Бекбан.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қазан 2019 г. 570 0