Қызылордада көне қалашық туралы көрме ұйымдастырылды

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қышқала қазынасы» атты көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш игі шара Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Орта ғасырлық Қышқала шаһары шамамен ХІІІ-ХҮ ғасырларда өмір сүрген. Көненің көзіндей қастерлі мекен Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Қалашықта алғашқы зерттеу 1899 жылы Сырдың төменгі ағысындағы қалаларды зерделеген В.Каллаурдың бастамасымен іске асқан.
Өткен жылдан бастап Қышқалада белгілі ғалым Мадияр Елеуовтің басшылығымен археологиялық қазба жұмыстары қолға алынды. бАталмыш шара барысында қима өрнектен салынған кесене мен екі негізгі ғимаратының орны толықтай ашылды. Қалада ішкі сауда дамығаны аңғарылады. 30 гектарға жуық аумақты алып жатқан шаһардың солтүстік шетінде қыштан соғылған үлкен сарайдың қалдықтары сақталған. Бұл жердің шеберлері көптеген сан алуан шаруашылық, тұрмыстық және құйма қышын дайындаған. Жекелеген үй-жайлардың көшеге қарайтын алдыңғы беттері ойып жасалған кірпіштермен әшекейленген. Ірі сауда орталығы болғаннан кейін, түрлі мәдениет, сан алуан өнер түрлері осы қалашықта тоғысқан деп болжам айтуға болады. Қышқалада зергерлік шеберхананың болғаны туралы археологиялық айғақтар бар.  
Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі танымдық көрмені қала тұрғындары мен қонақтар келіп тамашалады. Шетелдік меймандар қатарында Қытайдан келген жиһанкездер бар. 





ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қазан 2019 г. 339 0