«Қызылорда су жүйесі» тарифті төмендетті

«Қызылорда су жүйесі» кәсіпорны тарифті төмендетті. Бұл қалалық прокуратураның араласуының арқасында мүмкін болды.

Қадағалаушы орган тариф қалыптастырудағы заңдылықтың жай-күйіне мониторинг жүргізіп, нәтижесінде кәсіпорынның амортизациялық аударым қаражатын мақсатсыз пайдаланғанын анықтады. Соның салдарынан 140 177 мың теңгеден астам кіріс алған.

«Прокурорлық қадағалау актісі негізінде облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті уақытша өтемдік тарифті бекітті. Нәтижесінде 1 текше метрге суды таратушы желілер арқылы беру қызметінің құны 53,46 теңгеден 46,85 теңгеге, 1 текше метр сарқынды суды бұру, тазарту қызметінің құны 79,51 теңгеден 68,78 теңгеге төмендеді», - деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.

Осылайша 73 676 адамның құқығы қорғалды. Табиғи монополиялар саласындағы заңды бұзғаны үшін кәсіпорынға әкімшілік жаза тағайындалып, 12 860 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қазан 2019 г. 1 141 0