Атыңызға тіркелген SIM картаны біреуге пайдалануға беруге бола ма?

Өз атыңызға тіркелген SIM картаны біреуге пайдалануға беруге бола ма? Бұл сұраққа ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл қылмыс па, жоқ па – ол сұраққа Ішкі істер министрлігі жауап беруі керек. Егер сіздің нөміріңіз арқылы қылмыс жасалса, ол іс қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік бойынша қудаланады», - деді Виталий Ярошенко ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Десе де, нөмірді басқа біреудің пайдалануы – заңға қайшы келмейтінін де атап өтті.

«Сіз өз атыңызға нөмірді тіркеп, зайыбыңыздың немесе балаңыздың пайдалануына бере аласыз. Ал егер ол нөмір арқылы заңға қайшы әрекет жасалса, ол іспен ары қарай құқық қорғау органдары айналысады», - деді спикер.

Виталий Ярошенко сонымен бірге IMEI код арқылы тексеру қазақстандықтарға ыңғайлы болуы үшін жасалғанын сөз етті.

«Егер бұл қызмет болмаса, сіз өз атыңызда қанша нөмірдің тіркелгенін біле алатын ба едіңіз? Амалсыз, бүкіл байланыс операторларын айналып, төлқұжатыңызды көрсетіп, әуреге түсер едіңіз. Тұрғындарға ыңғайсыздық тудырмас үшін бұл қызметті іске қостық», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгінгі баспасөз мәслихатында Виталий Ярошенко Қазақстанда 18 миллион адамға 42 млн SIM картаның тіркелгенін айтқан еді. Ол сондай-ақ, ЖСН арқылы бөтен адамның сіздің атыңыздан ұялы нөмірді пайдалану қауіптерін атады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қазан 2019 г. 334 0