Мекенжай анықтамасы талап етілмейді

 Қазақстан Республикасында 2019 жылғы 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімінен алынып тасталатын болады. Яғни, еш мемлекеттік орган, мектеп не медициналық мекеме азаматтардан мекенжай анықтамасын ү.ж. 1 қарашасынан бастап сұрата алмайды. Оны «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдарынан да, «электронды үкімет» веб-порталынан да алу мүмкіндігі болмайды. 

Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайларын egov.kz «электронды үкімет» вебпорталы мен «eGov mobile» мобильдік  қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.

Мемлекеттік органдарға келетін болсақ, олар бұл мәліметті Ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы алатын болады.

Сонымен бірге, азаматтардың мекенжай тіркеуі туралы ақпаратты сұратуы мүмкін басқа ұйымдар, соның ішінде жеке компаниялар egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Бұл тек азамат  бір рет ақпарат алуға рұқсат беретін SMS-ке келісім бергенде ғана жүзеге асатын операция.

Мұндай SMS алу үшін азамат «Мобильді азаматтар» базасында тіркелуі тиіс. Тіркеуді әр азамат өзі жүргізе алады (egov.kz  порталындағы  «Жеке кабинетке» кіріп, «телефон» бағанында өз телефонының нөмірін көрсету немесе өзгерту  қажет және оны  өзінің ЭЦҚ-мен растауы керек) немесе ХҚКО-ның кез келген бөлімшесіне жүгінсе болады (қызмет тегін көрсетіледі және 5 минут уақытыңызды алады).

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қазан 2019 г. 430 0