Оқушылардың ауылдағы бір күні

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» тарауында көрсетілген мектеп туризмін дамыту жұмыстары бойынша Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Village life» жобасын ұйымдастырды. Жоба 16 мектепті, 800 оқушыны қамтыды. Жоба аясында қала мектептерінің оқушылары Сырдария ауданы Бесарық ауылы мен Шиелі ауданы Ы.Жақаев ауылында болып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Сапар 2019 жылдың маусым айында басталып, қазан айында аяқталды.
«Village life» жобасының қорытынды пресс-конференциясына жобаға қатысқан мектептердің мұғалімдері: Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары Толқын Жұмағұлова, Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары Айжан Алимова, Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұрат Исмаилов, қаладағы №6 орта мектеп пен №7 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Айгүл Кәрібаева мен Роза Асылбекқызы және №11 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Жанат Садвакасова қатысты. Сонымен қатар, қазақтың жаны саналатын ауыл өмірімен таныстырған, өз ауылдарының құрметті азаматтары қатысып, сөз алды. Шиелі аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы, мал дәрігері, Шиелі ауданындағы мал дәрігерлер станциясының инспекторы, бас мал дәрігері қызметтерінде болған Ы.Жақаев ауылының құрметті ақсақалы Нұрлан Махмұтұлы ауылдың тұрмыс-тіршілігімен, негізгі кәсібі  - мал шаруашылығымен, әсіресе жылқы малының қадір-қасиетімен, атқа міну мәдениетімен таныстырса, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы, Бесарық ауылдық мәдениет үйінің әдіскері, Бесарық ауылының құрметті азаматы Әубәкір Жұмабай Байзақұлы Бесарық ауылында атқа міну мәдениетімен таныстырып, ауылдың өмірі, салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарын бала санасына құя білді. Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің директоры Ыханова Құттықыз қыз балаларға ши тоқу, кілем тоқу, құрақ құрау әдіс-тәсілдерін үйретті.  
Жоба өз мақсатына жетті. Балалардың сөздік қоры қазақ халқының ертеден қолданған, қазір ұмыт қалған архаизм және историзм сөздермен толығып, санада қайта жаңғырды, көне сөздер сөздік қолданысқа енді. Жаһандану заманында жастар қазақтың негізі, тамыры жатқан ауыл тіршілігімен танысты, мал шаруашылығына өзіндік көзқарасы қалыптасты. Қала жастары аталмыш шаруашылықпен болашақта айналысуына мүмкіндік беретін ақпарат алды, ауылшаруашылығына қатысты мамандық (зоотехник, ветеринар, зооселекционер т.б.) таңдауға бағыт берілді.
"VILLAGE LIFE" жобасы аясындағы "Үздік эссе" байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлдені №7 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Зиадин Нұрай қанжығасына байлады. І орын Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Айтмағанбет Салтанатқа бұйырды. ІІ орынды М.Сужиков атындағы №6 орта мектептің 8-сынып оқушысы Бахтыбайұлы Бағлан мен Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Алматқызы Дильназ өзара бөлісті. ІІІ орынға №7 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Досанова Құралай, №11 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Дербісалы Ақжібек пен Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің оқушысы Қанатқызы Меруерт лайықты деп танылды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2019 г. 1 103 0