Кемел ойдың алып кемесі

КСРО Халық жазушысы, әлем әдебиетінің мэтрі Әбдіжәміл Кәрімұлы  Нұрпейісовтің 95 жасқа толуына орай жазушының Аралдағы Әдебиет үйінде «Әдебиетіміздің мақтанышына айналған алыбымыз» атты тағылымды кеш өтті. Кештің мақсаты – жастарға жазушының  болмыс-бітімі мен туған жерге деген парызын өтеу жолындағы еңбегін, көркем сөздің қадірін ұғындыру.

«Соңғы парыз» романының желі­сіне құрылған көріністен бастау алған тағы­лымды  кешті аудан әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов ашып берді.   Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, дербес зейнеткер Шәкірат Дәр­мағамбетов пен мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов жазушының өмір жолынан сыр шертіп, адами қасиеттеріне тоқталды. Жас ұрпақты қазақ жұртының игі­лігіне айналған, тағылымға толы шы­ғар­маларды өнеге тұтып, қазақ сөзінің киесін қадірлеуге шақырды. Кеш соңында Айнұр Сүйеуова Ахмет Өмірзақтың «Мұхитқа қол соқтырған қазақ сөзі» атты жазушыға арнауын шырқады.

Арал қалалық тарихи музейінің ұйым­дастыруымен өткен шара аудан­дық мәде­ниет үйінде жалғасын тапты. Көрермен көзайымына айналып, кө­ңілдерге сағыныш ұялатқан ­Ә.Нұрпейі­сов­тің романы желісімен түсірілген «Қан мен тер» фильмінің көрсетілімі болды. 1978 жылы Әзірбайжан Мәм­бетов пен Юрий Мастюгин түсірген фильм Халық шаруашылығы жетістік­тері көрмесінің Алтын медалін және Ашхабад қаласындағы кинофестивальда «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» номинациясы бойынша бірін­ші жүлде алған. «Қан мен терді» оқыған оқырман романның ішіне еніп кеткені сондай, Еламан, Тәңірберген, Кәлендерді тіріліп келсе, қастерлеп қақ төрінен орын берердей әсерде қалып, тебі­ренеді. Кемел ойдың алып кемесіне айналған, дархан да дана, Аралды күллі әлемге мәшһүр еткен, Алатаудай атамызбен қалай мақтансақ та жарасады.

Ботагөз САРБАСОВА,

Арал қалалық тарихи музейінің 

филиал меңгерушісі.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2019 г. 495 0