Бурабайда демалу Түркиядан неге қымбат? Көптің көкейіндегі бұл сұраққа ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев жауап берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шынында да, мұндай мәселе бар. Бұған қатысты әртүрлі әзіл әңгімелердің де тарап кеткенінен хабардармыз. Десе де, бұл жерде мәселе қайда? Соны түсіндіріп өтейін. Өкінішке қарай, қысқы туризм біздің Щучье-Бурабай демалыс орнында жоғары деңгейде дамымаған. Оны жақсы білесіздер. Бүкіл қыс бойғы шығындардың бәрін біз бір жылдың екі айында жауып үлгеруіміз керек. Бастысы штатты сақтап қалу қажеттілігі туындайды», - деді Ермек Маржықбаев.
Аймақ басшысының айтуына қарағанда, өңір студенттері туристік тәжірибе алу үшін шетелде оқып жатыр.
«Сол себепті, жаздың екі айында біздің туристік нысандардың иелері барынша табыс тауып қалуға тырысады. Бірақ, қазіргі уақытта бірқатар шараны қолға алдық. Атап айтқанда, күзгі, қысқы, көктемгі жұмыстар басталып, жыл бойы 4 маусымда 20 шақты ірі шара өткіземіз. Мәселен, қазан айында «Суретшілер слетін» өткіздік. Мұндай бір ғана шара жүзден аса турист тартуға мүмкіндік береді. Тиісінше, мұндай жұмыстардың мультипликативті нәтижелері баршылық. Сондықтан, біздің міндет – қонақ үйлер барынша бос қалмайтындай шаралар қабылдау», - деді өңір басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін өңір әкімі Біріккен Араб Әмірлігінен келген «East West compani Ltd» компаниясы Щучьедегі көл маңында коттедж қалашығын салып жатқанын хабарлаған еді.