Қызылордада ЗК-169/1 мекемесінің уақытша ұстау және емдеу бөлмелеріне 52 теледидар орнатылды, деп хабарлайды
«Хабар 24».
Оған республикалық бюджеттен 2 жарым миллион теңге жұмсалған. Бұл – сот үкімінің заңды күшін күтіп жүрген адамдар шалқасынан түсіп, таңнан кешке дейін көгілдір экраннан көз алмай жатады деген сөз емес. Күдіктілер кесте бойынша құқықтық кеңес алып, түрлі танымдық-тәрбиелік бағдарламалар тамашалайды. Жалпы уақытша оқшаулау абақтысын жаңғырту жобасы 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» аясында жүзеге асып отыр. Мамандар пікірінше қамаудағы азаматтарды жасақтық-барактық негізде ұстау тәжірибесі жазаның тәрбиелік әсерін төмендетеді және криминалдық келеңсіз дағдыларды жоюға ықпал етпейтін көрінеді. Сол себепті түзету мекемелерінің озық технологиямен жабдықталғаны абзал. Осы ретте 216 миллион теңгеге тергеу изоляторы ғимаратының сыртқы қоршаулары да жаңартылып, толық автоматтандырылды.
Алмат Тасқараев, ЗК-169/1 мекемесінің басшысы:
– Мекемеге тоқ көзін үнемі қамтамасыз ету үшін генератор алынды және ұялы телефон байланысын тоқтатуға арналған құрылғы орнатылды. Сонымен қатар мекемеге келген азаматтарға арналған фронт-офис ашылды. Оның ішіне де электронды тіркеу жүйесі және зат тексеретін рентген аппараты жергілікті жұмылдыру басқармасы арқылы алынды.