Рухани келісім – зайырлы мемлекет тірегі

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің Студенттер саарайында осы тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Кең ауқымды, келелі шара 18 қазан – Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылды. Шарада аймақта этносаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыра отырып, жалпы тұрғындар арасында ұлтаралық, дінаралық татулықты  нығайту жайындағы маңызды тақырыптар аясында сөз қозғалды.

Облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамовтың төрағалығымен өткен жиынға этно-мәдени және діни бірлестіктер өкілдері мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты.

Қазіргі таңда конфессияаралық келісімді қолдауға Қазақстанның барлық қажетті экономикалық және саяси негіздемелері, оған қоса механизмдері бар. Солардың бірі ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қалыптасқан, құқықтық негіздемесі Конституциядан бастау алатын ұлтаралық және дінаралық толеранттылықтың қазақстандық моделін келтіруге болады. Барынша ден қойылып, мықты орныққан толеранттылық қазақстандықтардың саяси нормасына, мемлекеттің арқа сүйер негізгі принципіне айналды, - деді облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов.

Жиын тақырыбына сәйкес "Өрлеу" біліктілікті арттыру орталығы" АҚ филиалы, облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін  арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облыстағы өкілі, "Ақмешіт - Сырдария" мешітінің бас имамы Б.Әбуов, т.б баяндама жасап, ой-пікірлерін ортаға салды..

Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Әлібек Жаппасбаев "Этно-конфессияаралық келісімнің қалыптасу жолдары" тақырыбындағы баяндамасында еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өзге елдің саясаттанушылары жас мемлекеттік өміршең болуына күмәнмен қарап, түрлі болжамдар жасағанын айтады. "Алайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының, Ата Заңымыздың барлық  сенім  иелері мен  конфессия  өкілдерін  достық пен  татулыққа  шақыруының арқасында халқымыз егемендігінің 28 жылын тату-тәтті тірлікте өткерді" дейді ол.

Дөңгелек үстелде өзге де қатысушылар ой бөлісіп, еліміздегі тыныштық пен тұрақтылыққа тілекші екендіктерін жеткізді. Жиын соңында өңірімізде дінаралық татулық пен рухани келісімді нығайтуға, мемлекеттің дін саласындағы саясатын насихаттауда белсенділік танытқан бірнеше азамат облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамовтың алғыс хатымен марапатталды.

 

                                                                       Ғазиза ӘБІЛДА

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қазан 2019 г. 424 0