Қызылордада белгілі композитор Бексұлтан Байкенжеевті еске алды

Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Әуелеп ұшқан ән-өмір» атты кеш ұйымдастырылды. Шара белгілі композитор Бексұлтан Байкенжеевті еске алуға арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 Аталмыш кеш Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында өтті. Бексұлтан Байкенжеев 1949 жылы 7 қарашада Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Қосүйеңкі ауылында дүниеге келген. 1966 жылы аудандағы №51 орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болды. 1968 жылы Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетіне түсіп, оны 1972 жылы бітіріп шықты. Сол жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін аудан орталығындағы Әлшекей атындағы өнер мектебінің директоры болып кызмет етті. Студент кезінен бастап ән жазған сазгер барлығы 150-ге тарта туындыны дүниеге әкелген. Оның 80-нен астамын халық осы күнге дейін асқақ сезіммен орындап келеді. Кешке композитордың ұлы, Жаңақорған ауданындағы Байкенжеев атындағы өнер мектебінің директоры Әбсұлтан Бексұлтанұлы қатысты. Сонымен қатар, сазгердің інісі, әнші Жұмабай Шерниязов және әнші Үміт Медеуова қатысты. Кеш барысында композитордың ел арасында кеңінен танымал болған «Ақшолпан», «Ақгүлім», «Сырдария», «Жаңақорған» әндері шырқалды. Бексұлтан Байкенжеев туралы естеліктер айтылды. Сондай-ақ сазгер-әншінің өмір жолы мен шығармашылығы жайында мәліметтер қойылған кітап көрмесі ұсынылды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қазан 2019 г. 352 0