Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова Президент Жолдауынан туындаған міндеттер мен алдағы жоспарлар және биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, облыста үш жыл қатарынан түлектердің университеттер мен колледждерге түсу көрсеткіші 97 процентке жеткен. Биыл түлектердің 60 проценттен астамы жоғары оқу орындарының мемлекеттік грант иегері атанған. Қазіргі кезде облыс экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы аймақтың мамандарға деген сұранысы негізінде орналастырылуда. Нәтижесінде 2019-2020 оқу жылына 22 жаңа мамандық ашылған.
– Президент Жолдауындағы негізгі міндет – дарынды балаларды қолдау, олардың білім алуына жағдай жасау. Биылғы оқу жылында Арал ауданында облыстық дарынды балаларға арналған жаңа мектеп-интернаты құрылды. Ендігі міндет – түлектердің әлемнің ең үздік оқу орындарына түсуіне жағдай жасау. Ауыл мен қала мектептері арасындағы сапа айырмасын болдырмау. Бұл мақсатта мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары кезең-кезеңімен жалғасады. Дарынды балаларды анықтау, дамыту және оларды қолдау бағытында облыстың кешенді жоспары әзірленуде, – деді ол.
Аймақта ұстаздарды қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, соңғы үш жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 600-ден аса мұғалім жеңілдетілген несие арқылы баспаналы болса, бұдан бөлек, ауылдық оқытушыларға жылына бір рет коммуналдық шығындарға өтемақы төленуде.
Өңірде инновациялық мектептер желісі құрылып, ғылыми-инновациялық, математикалық жобалау және робототехника бағыттары дамуда.
– Барлық мектептер кең жолақты интернет желісіне қосылып, цифрлық білім беру ресурстарымен жұмыс жасауда. Шағын жинақталған мектептер оқуға қажетті «BilimBook» кешендерімен қамтамасыз етілді. Аймақ мектептерінің 60 проценті жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілсе, компьютерлер 100 процент жаңартылды. Мектептерде «STEM» бағдарламасы енгізіліп, 43 процент робототехника кабинеттерімен жабдықталды,– деді басқарма басшысы.
Айнұр БАТТАЛОВА