Екі жыл бұрын "Самара-Шымкент” күре жолының бойынан аумағы атшаптырым болатын даңғайыр диқан Ы.Жақаев атындағы саябақ пайдалануға берілген болатын. Жалпы көлемі 10 га жерді алып жатқан саябаққа сыр талы, тал тектес ағаштар мен үйеңкі, тағы басқа осы секілді Сыр өңіріне тиімді түрлері отырғызылып, газон, гүлдердің 7-8 түрі және жерді тыңайту үшін жоңышқа егілді.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы жылы аудан әкімінің қаулысымен жер теліміне өзгеріс енгізілуіне байланысты тендер арқылы жеңімпаз деп танылған шымкенттік жылыжай шығаратын зауытпен келісім -шарт негізінде әрқайсысының көлемі 300 шаршы метрлік 3 жылыжай орнатылып арнайы технологиямен петуня гүлдерінің 4 түрі, жауқазын гүлдерінің 2 түрі және тагиднс гүлдері өсірілді. Тұңғыш рет аудандағы балалар бақшасы мен мектептерге, түрлі мекемелер мен кент ішінде осы гүлдер егіліп гүлзарға айналды. Жылыжайдағы өнімдерді жаңа технология негізінде тамшылатып суғару арқылы қияр мен қызанақтан да ойдағыдай өнім алынып, аудан халқын, мекемелер мен мектеп, балалар бақшаларын арзан бағалы көкөніспен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда жаздық өнім жиналып күз, қыс айларына дайындалатын қияр мен қызанақ егілуде.