Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында өткізілген «Өзіңе сене баста!» атты ІІ көрме-конкурсында Қармақшы ауданынан қатысқан жеке кәсіпкер Мұсабеков Қайрат Мектепбайұлы «Ерлерге арналған киім тігу» жобасымен 1 орын иеленіп, 1 млн теңге қаржылай сертификатымен марапатталды.
Көрме-конкурсының мақсаты - мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың дамуына үлесін қосу.
Жерлесіміз Қайрат Мектепбайұлы 2005 жылдан бастап үйден тігін тігумен айналысып келген 2-ші топ мүгедегі.
2019 жылдан бастап, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,5 млн теңге көлемінде несие алып, тігін цехын жабдықтады.
Қазіргі уақытта, тапсырыстар қабылдап, ерлерге арналған джинсы материалынан киімдер тігіп келеді. Сонымен қатар, сыртқы киімдерді тігумен және қайта өңдеумен айналысады.
Көрме конкурсының нәтижесі бойынша 67 қатысушыға 50 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сертификаты беріліп, конкурстың барлық қатысушылары облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.