Прокуратура 26 қазанда заңсыз митингіге шыққандарға қатаң шара қолданылатынын айтты

Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Сот экстремистік деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымының әлеуметтік желілердегі парақшаларында оның жақтастары 2019 жылы 26 қазанда кезекті заңсыз акцияға қатысуға шақырып жатқаны айтылады", - делінген хатта.
Дембаевтың айтуынша, ҚДТ мүшелері аса ауыр қылмыс жасап, шетелде жасырынып жүр. Олар халықты заңсыз әрекеттерге итермелейді, бұл адамдардың қауіпсіздігіне, олардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне қауіп төндіреді, қоғамның қалыпты тіршілігін бұзады.
"Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" Заңның 13-бабына сәйкес бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткiзген кезде оларға қатысу үшiн экстремистiк ұйымдарды тартуға, олардың нышандарын пайдалануға, сондай-ақ экстремистiк материалдарды таратуға жол берiлмейдi".
"Осыған байланысты мемлекеттік органдар заңда белгіленген тәртіппен санкцияланбаған наразылық акцияларын ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қатаң шаралар қабылдайды", - деп атап өтті бас прокурордың орынбасары.
Құқық бұзушылар заңсыз акцияларға қатысқаны расталған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады (50 АЕК-ге дейін айыппұл салынады, 15 тәулікке дейін қамауға алынады). "Бас прокуратура тұрғындарды арандатушылыққа бой алдырмауға және экстремистік ұйымдардың заңсыз акцияларына қатысудан бас тартуға шақырады", - делінген хабарламада.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қазан 2019 г. 372 0