Қазалы ауданында «Алтын дән – 2019» мерекесі кең көлемде аталып өтті. Молшылық мерекесі аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесінің бойында өткен жәрмеңкеге қала, кент және барлық ауылдық округтерден келген шаруа қожалықтары азық-түлік, көкөніс өнімдері, отын, қысқы мал азықтарын нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада ұсынды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев әр ауылдан әкелінген өнімдермен танысып, оң бағасын берді.
Мереке аудандық мәдениет орталығында салтанатты шараға ұласты. Жиналған көпшілік мәдениет орталығында ұйымдастырылған Қазалы өнімдерінің көрмесін тамашалады.
Салтанатты шарада аудан басшысы Мұрат Ергешбаев аудан халқын береке мен молшылықтың бастауы – «Алтын дән – 2019» мерекесімен құттықтап, ауыл еңбеккерлерінің ел үшін еткен ерен еңбектерінің ақталғанын атап өтті. Табысқа жеткен озаттарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Күріш дақылынан мол өнім алған «Сыр маржаны» ЖШС І дәрежелі, «РЗА-Агро» ЖШС ІІ дәрежелі «Алғыс хатпен» марапатталды.
Молшылық мейрамында еңбек ерлерімен бірге ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында «Қазгермұнай біріккен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры орынбасарының кеңесшісі Айтбай Көшербай, Қызылорда облысының
көліктік бақылау инспекциясының басшысы Нәжмадин Шамұратов, философия ғылымының докторы, профессор Баймырза Кожамберлиев, Қазалы ауданының сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Жаппарберген Жалғасбай, Қазалы аудандық ветеринарлық станциясының паразитолог дәрігері Малкайдар Дүйсен, «Асыл-Ғани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Түктібай Өмірзақ, еңбек ардагерлері Берік Бисембаев, Мұхарап Табынбаев, Амангелді Орынбаев, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы, Оңтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясының Қызылорда жергілікті жерлер техникалық торабы, Қазалы желілік техникалық цех бастығы Шамшадин Өксікбаевтар бар.
Айта кетейік, қазалылық дихандар биылғы жылы егілген 6225 гектар күріштің әр гектарынан 46 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 28 мың тоннадан астам астық құйды.
Жыл басынан бері 7,3 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, барлық ауылдарда ата кәсіп – бау-бақша егу жұмысы жанданды. Биыл 17 мың тоннаға жуық бау-бақша өнімдері алынса, 6,5 мың тоннаға жуық күріш Ресей, Украина, Тәжікстан мен Өзбекстан еліне экспортталды.
Машина-трактор паркі жаңадан 25 техникамен толықты. Әртараптандыру жұмыстарына ерекше мән беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 191 гектар дәнді дақыл, 71 гектар майлы дақыл және 71 гектар мал азықтық дақылдары артық егілді.
Бұдан бөлек, өндірістік негізде 20 гектар жерге картоп егіліп, жоғары өнім алды. Үстіміздегі жылы 6 гектар жерге алма, алмұрт дақылдарының көшеттері отырғызылды.
Ауданда егін шаруашылығымен бірге мал шаруашылығын дамыту бағытында да жұмыс жүргізілуде. Төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Биыл Қазалы ауданынан Өзбекстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасына 306 бас мүйізді ірі қара малы экспортталды.
Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Биылғы егін жинау жұмысының қорытындысымен қазалылық еңбек озаттары да аймағымыздың құрмет төрінен көрінді. Бірқатар азаматтар «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерін, Ауыл шаруашылығы Министрінің «Құрмет грамотасы», «Ы.Жахаев атындағы» төсбелгісі мен «Озат жатка машинисі» және «Озат бригадир» номинацияларын алды.
Бұл – дала еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет, осы салада қызмет етіп жатқан барша қауымның нәтижелі еңбегінің жемісі.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі