Жуырда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «6D011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша философия докторы (РhD) дәрежесін алу үшін ізденуші Жолмаханова Ақерке Болатқызы «Қазақ эмигранттарының естеліктері және мемуарлық шығармаларды оқыту» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған болатын.
Жас ғалымның ғылыми кеңесшілері филология ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ профессоры Бағдат Кәрібозұлы, педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Ботагүл Тұрғынбаева және Түркия Республикасы, Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Хулия Касапоглу Ченгел.
Қазақ диаспоралық әдебиеті, эмигрант естеліктері әдебиеттану ғылымында бұрын-соңғы зерттеу нысанына айналмаған тақырып. Ізденуші ғылыми жұмысында қазақ эмигранттары Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай, Халифа Алтай, Хасен Оралтай, Әлім Алматтың естеліктерін талдай отырып, оның жанрлық ерекшеліктеріне, тарихи-танымдық, тәрбиелік мәніне тоқталады. Естеліктердің тарихи дереккөз ретіндегі маңызын зерделей отырып, ондағы «сағыныш сарынын» ашады.
Қазақ эмигранттарының естеліктерін жоғары оқу орнының болашақ филолог мамандарына оқытудың маңыздылығын эксперименттік тәжірибе арқылы дәлелдеп, «Қазақ эмигранттық әдебиеті» атты оқу-әдістемелік құралын әзірлеген. Зерттеу жұмысымен айналысу барысында 20-дан аса отандық және шетелдік басылымдарда ғылыми мақала жариялаған.
Тың әрі күрделі тақырыпқа ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бауыржан Жақып пен педагогика ғылымдарының докторы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, Тұрсынай Әбдіқадырова ресми пікір білдіріп, ізденушінің еңбегін жоғары бағалаған болатын.
«Философия докторы (PhD) дәрежесін беру туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының 2019 жылғы 22 қазандағы № 719 бұйрығымен Жолмаханова Ақерке Болатқызы «6D011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша философия докторы (РhD) дәрежесін иеленді.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ашылған 8D017-Тілдер және әдебиет бойынша мұғалімдерді даярлау (6D011700-қазақ тілі мен әдебиеті) бағытында философия докторы (РhD) бейіні бойынша доктор дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңесте (Кеңес төрағасы профессор Б.Кәрібозұлы) қорғап, алғаш (РhD) дәрежесін иеленіп отырған жас ғалымды жетістігімен құттықтай отырып, ғылым жолындағы жұмысына сәттілік тілейміз.