Кеше аудан орталығындағы «Этно ауыл» саябағында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «Алтын дән - 2019» салтанатты шарасы өтті.
Ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов, аудан әкімі М.Қалдарбеков қатысып, құттықтауларын жеткізді.
Қармақшы ауданы күріш өндіруден әрқашан үздіктер қатарынан көрініп келеді. Облыс көлемінде 2017 жылы шаруашылықтар арасынан «Ақтөбе и К» ЖШС І орын, 2018 жылы «Жаңажол» ЖШС І орын, 2019 жылы «Тұрмағамбет» ЖШС ІІІ орынға ие болды.
Аудан диқандары үстіміздегі жылы барлығы 23690 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, оның ішінде негізгі дақыл күріш 14633 гектар жерге егілді.
Ауданымызда алғаш рет Алматы қаласынан сояның ерте пісетін «Жансая» сорты 40 гектар жерге тәжірибе ретінде егілді. Нәтижесінде соя дақылынан барлығы 90 тонна өнім жиналып, гектарына 22,5 центнерден орта өнім алынды.
Бүгінгі күні күріш жинау жұмыстары толығымен аяқталып, аудан диқандары 92 мың тонна күріш салысын қамбаға жинады. Егілген күріштің әр гектарынан 62,7 центнерден өнім алынып жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда күріш өнімін өндіру 114% артық орындалды.
Қармақшы өңірінде күріш дақылын еселеп арттыруда зор үлес қосқан «Жаңажол», «Тұрмағамбет», «Достық жер МК», «Ораз Ахун», «Ақтөбе и К» шаруашылықтарының еңбеккерлерінің қажырлы қызметін атап өтуге болады.
Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға да мемлекет тарапынан «Сыбаға» бағдарламасы аясында қолдау көрсетіліп, жыл басынан 12 млн.теңге қаржы көлемінде субсидия берілді.
Сонымен бірге үстіміздегі жылы «Тұрмағамбет» ЖШС-гі «Сүт қабылдау және өңдеу цехы» іске қосылды.
Қазіргі таңда жеке шаруашылықтардан және шаруа қожалықтарынан сүт қабылдап, өнім өңдеу жұмыстарымен айналысуда.
Салтанатты шарада еңбек озаттары І, ІІ,ІІІ дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласының үздігі, бірнеше рет жоғары наградалардың иегері Қылышбек Әбішевтің есімін еске алып ұлықтау үшін, ауыл шаруашылығында саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген еңбеккерлерге «Қылышбек Әбішев» атындағы төсбелгі табысталды.
Сондай-ақ шарауашылық ұжымдарының басшылары қажырлы еңбек еткен азаматтарды көтермелеу мақсатында «Ораз ахун ЛТД» ЖШС 3 жеңіл автокөлік, «Жаңажол» ЖШС 4 жеңіл автокөлік, «Достық Жер МК» ЖШС 6 жеңіл автокөлік, барлығы 13 жеңіл автокөліктерді табыстады.
Мерейлі мереке аясында өткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне 20 шаруашылықтан 50-ге жуық автокөлікпен 150-ден астам тонна өнім жеткізілді.