Елімізде өзі жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге келген қыз нәрестелі болды, деп хабарлады
https://24.kz. 22 жастағы Шин Алеся сәбиін табиғи жолмен көтеріп, 15 қазан күні Алматыдағы №1 перзентханада аман-есен босанды.
Алесяның туған күні ата-анасының ғана емес, дәрігерлердің де күні кешегідей есінде. Себебі жасанды ұрықтандыру әдісі - сәби иісін аңсаған отбасына қуаныш сыйласа, еліміздің медицинасы үшін жаңа белесті бағындыру еді.
Людмила Бадельбаева, репродуктолог:
– 1996 жылы жасанды ұрықтандыру бағдарламасы енді ғана тәжірибеге ене бастаған. Технология қарыштап дамып кетпесе де, ерлі-зайыптылар бізге сенді. Дегенмен бізде де қорқыныш болды. Бірақ бәрі сәтті өтті.
Гильнур Сагирова, Алесяның анасы:
– Біз ол кезде жас болдық. Дәрігерлер осындай жол бар екенін айтып, кеңес берді. Біз тіпті оны толық түсінбедік. Себебі ол кезде жасанды ұрықтандыру туралы ашық айтыла бермейтін. Екінші рет жасағаннан аяғым ауырлады.
Жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген сәбилердің иммундық жүйесі мықты болады, - дейді дәрігерлер. Мұны Алесяның ата-анасы да растайды. Алайда қоғамда жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген балалар болашақта өздері ата-ана бола алмайды деген күмәннің болғаны жасырын емес.
Людмила Бадельбаева, репродуктолог:
– Әлемде жасанды ұрықтандыру әдісі арқылы алғашқы сәби 1978 жылы дүниеге келген. Ол да медицинаның көмегінсіз бала көтеріп, өмірге әкелді. Солай бола тұра, алғашқы жылдары осы балалардың табиғи жолмен ата-ана боларына біз де күмәндандық. Алайда міне, Алеся Қазақстандағы экомен дүниеге келген балалардың арасында бірінші рет ана атанып отыр. Бұл – әрине ғажайып.
Алеся өзінің «ерекше бала» екенін кішкентай кезінде анасынан естіпті. Бірақ бұл жағдай өмір сүру салтыма ешқандай әсер еткен жоқ, - дейді ол.
Алеся Шин, жас ана:
– Мен кәдімгі адаммын. Менің өмірге келу жолым қандай да бір өзгеріс әкеледі деген ой ешқашан болған емес. Жүктілік барысы қалыпты өтті. Тіпті жерік болу, жайсыз сезіну болған жоқ.
Алеся – 1996 жылдан бастап бүгінге дейін Қазақстан бойынша жасанды ұрықтандыру арқылы өмірге келген 20 мыңға жуық баланың бірі. Дәрігерлер, ұрықтандыру процесі ғана ағзадан тыс өтеді, - дейді. Ал қалған уақытта нәресте анасының ағзасында дамиды.