Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде 2014 жылдың І жарты жылдығы қорытындыланды. Кеңейтілген жиналысқа ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Мұрат Келесов төрағалық етіп, атқарылған жұмыстар турасында баяндама жасады.
Талдау көрсеткендей, Қызылорда облысы аумағында 2014 жылдың І жарты жылдығында төтенше жағдайлар оқиғасының саны 304-ті құрады, оның ішінде 43 төтенше оқиғасы болды. Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Төтенше жағдайлар кезінде 101 адам зардап шегіп, 29 адам қаза болған. Есепті мерзімде өнеркәсіптік 75 кәсіпорын және 398 нысан тексерілген, 719 техника қауіпсіздігі ережесі мен нормасының бұзылуы анықталған. Оның 601-і белгіленген мерзімде қайта қалпына келтірілген. Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында есепті мерзімде облыс бойынша әр түрлі бағыттағы 501 нысан тексерілді, сондай-ақ, 27620 тұрғындарға профилактикалық үгіт-насихаттық жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар, аталмыш жиналысқа департаменттің бірқатар бөлім, басқарма, департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.