Педагогикалық идеялар фестивалі

Жастар жылы аясында өткен  «ХХІ ғасыр мектебі – құндылықтар мен өзгерістер» атты облыстық педагогикалық идея­лар фестивалі аймақтағы оқу-ағарту жұмыстарының жаңа деңгейге көтерілгенін айқындай түсті. Облыстық білім басқармасы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы және облыстағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты бірлесіп ұйымдастырған ауқымды шара Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде өтті. Шараның мақсатына сәйкес  бірқатар мектеп басшылары мен мұғалімдердің инновация­лық тәжірибелері зерделеніп, уақыт талабымен үндесетін озық идеялары таратылды.

Педагогикалық идеялар фес­тивалінде 30-ға жуық мектеп директоры, аудандық, қалалық білім бөлімі әдіскерлері және жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ беріп жүрген мұғалімдер жалпы саны 11 пән бойынша ашық сабақ өткізді. Жаңа стандарт талабына сай құрылымдалған сабақтар барысында оқушылардың танымдық қабілетін арттыра отырып, критериалды бағалау жүйесін тиімді қолдану дағдысына аса мән берілді. Ашық сабақтардан соң өткізілген секциялық жоба қорғау жұмыстарында 45 мұғалімнің тәжірибелері таңдау­ға лайық деп танылды.

«Жаңартылған мазмұндағы сабақ: тиімді жоспарлау және талдау тәсілдері» тақырыбын қамтыған секция жұмысына облыс, қала мектептерінің басшылары қатысып, жаңа форматта сабақты тиімді жоспарлау және талдау тәжірибелерін ұсынды. Ал «Заманауи білім берудегі құндылықтар мен дағдылар» секциясында мұғалімдер пән мазмұнына сай заманауи құндылықтар мен ұстанымдарды қалыптастырудың бірегей тәсілдерінен ой бөлісті.

«Педагогикалық ин­нова­ция­лық идеялар» аукционы бойынша қатысқан шығармашыл ұстаздар сабақты күрделі, мазмұнды, жеңіл және белсенді тәсілдермен меңгерту үлгілерін, сондай-ақ, «ХХІ ғасыр мектебі: АКТ және сандық білім беру ресурстары» тақырыбындағы IT алаңы секция­сында сандық ресурстарды тиімді қолдану тәжірибелерін ортаға салды.

Фестивальдің екінші кезеңінде пленарлық мәжіліс өткізіліп, онда облыстық білім басқармасы және инс­титут басшылары тақырып төңірегіндегі пікірлерін біл­дірсе, А.Яссауи атындағы ХҚТУ профессоры мен инс­титут тренерлері жаңартылған бағдарламаның ерек­шеліктері мен басымдықтары, критериалды бағалау жүйесінің маңыз­дылығы жайлы  баяндамалар жасады.

Шара соңында озық идея­ларымен танылған фестиваль қатысушылары ұйым­дас­тырушылардың «Құрмет грамотасы» және дипломдарымен марапатталды.

Ғазиза ӘБІЛДА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қазан 2019 г. 891 0