Мүмкіндігі шектеулі 10 балаға жарты миллион теңгеден табысталды

Адамның денсаулығы, дене бітімінде кемшілік болуы мүмкін, бірақ талантта шектеу жоқ. Өнер жарытылыстан бойға дариды. Бұл сөздің растығын балалар мен жастардың ІХ облыстық «Жүрек жылуы» өнер фестивалі тағы да дәлелдеді.
Осы кезге дейін конкурс болып өткен «Жүрек жылуы» биыл фестиваль ретінде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шараның ерекшелігі – фестивальге қатысқан үздік 10 балаға 500 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл бастаманы осы жылдың басында облысты 6 жылдан аса уақыт басқарған Қырымбек Көшербаев енгізген еді.
 Шарада облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов «Жүрек жылуы» талай талантты жастың өнер биігіне шығар баспалдағы болғанын атап өтті.
–Қазақ халқы мейірім мен қамқорлықты, жабырқағанның жанына жалау болып, сүрінгенге сүйеу болуды өмір салтының берік ұстанымы етіп келеді. Ата-бабамыздан «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген сөз қалған. Содан да болар, «бұлақ көрсең, көзін аш» деп айналамызға қамқор қолымызды созып, жүрегіміздің мейірімін төгу біздің мызғымас салтымызға айналды. Ұлы Абай да өзінің қара сөзінде «тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген екен. Шындығында, өңірде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Жүрек жылуы» қайырымдылық шарасы Сыр азаматтарының мейірбандығы мен ауызбіршілігінің нақты көрінісі екені сөзсіз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс екенін атап көрсеткен болатын. Тәуелсіз мемлекетімізде бұл мәселе басты назарда тұр, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.
Фестивальға барлық аудандардан және арнайы мектеп-интернаттардан қолөнер, көркемсурет, көркемсөз оқу, халықтық орындау, вокал, би жанры бойынша 150-ге жуық өнерпаз қатысты. Екі күн бойы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен шарада қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды. Өнер туындыларының барлығы да бір-бірінен өткен ерекше әрі ой саларлықтай әдемі. Соның ішінде талдырмаш әрі нәзік, кішкентай қыз баланың жасаған бұйымдарына назарымыз бірден ауды. Ол жасаған моншақты сәукелелер, әшекей бұйымдар, ойыншықтардың көз тартатыны сонша, арнайы тапсырыспен жасалатын бұйымдар секілді.
Кішкентай қолөнерші Шиелі ауданындағы №47 М.Ломоносов атындағы лицейдің 7-сынып оқушысы Қарақат Қыдырбаева екен. Былтырдан бастап «Думан-Шиелі» ЖШС мемлекеттік-жекешелік әріптестік арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ем алатын ол әшекей бұйым жасауды еңбекке баулитын оқытушысынан үйреніпті. Сауалдарымызға ерекше ықыласпен жауап беріп, әшекейлердің жасалу жолын асықпай түсіндірген Қарақаттың сұлулыққа жақын болмысына сүйсіндік.
–Әдемі тастар мен моншақтарды пайдаланып, бұйым жасау ойымды сергітіп, армандарымды есіме түсіреді. Әшекей жасауды былтыр емдеу орталығына барғаннан бастап үйрендім. Болашақта қолөнер бұйымдарым әлемдік деңгейге шығаратындай көркем, бағалы болғанын қалаймын, – деді ол.
Өзі зерек, қылығы тәтті Қарақат фестивальдің екінші күні қолөнер жанры бойынша үздік деп танылды. Біз оның алып-ұшқан көңілінен  арманына қанат біткенін байқадық. Бұл – барлық жеңімпаздардың қуанышты келбетінен байқалған көрініс. Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Жүрек жылуы» фестивалының де мақсаты осы болатын. Жабырқаған көңілді қуанту, сөнген үмітті ояту, алыс арманға жол салу. Айтпақшы, шараның алғашқы күнінде барлық бала үстелдегі тәттілерді қалағанынша алып, жаңа ойыншыққа ие болды. Бұл – «Скиф трейд» SMALL сауда орталығының сыйы. Сондай-ақ, фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне «Абзал и К» компаниясы демеушілік жасады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.









ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қазан 2019 г. 625 0