Облыстық балаларға арналған аурухана аймағы 200-ден аса тал түптерімен толықты. Бұл игілікті істі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды.
«Қайырымдылық керуені» жобасы аясындағы күзгі тал егу экологиялық акциясына этномәдени бірлестік өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, облыстық балалар ауруханасының қызметкерлері және журналистер мен сарапшылар клубының мүшелері белсенді атсалысты.
Акция аясында спорттық сайыстар өтті. Қатысушылар гір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күресінен сынға түсті. Әсіресе, арқан тартыстан қыздар арасындағы сайыс өте қызықты болды. Бұл жарыста облыстық балалар ауруханасы пульмонология бөлімшесінің қыздары мықтылығын паш етіп, бірнеше бөлімді жеңіп шықты. Оқ бойы озып шыққан мықтылар сайыс соңында марапатталды.