Облыстық жас еріктілер фестивалі

   Қайтарым күтпестен басқаларға қызмет ету біздің ұлтқа таңсық емес. Замануи трендке айналған «волонтер» ұғымы шетелде пайда болғаны рас. Бірақ қайырымдылықты үнсіз жасайтын қазақ бұрын мұндайды «қарлығаш қанатымен су себу» деп атаған. Қазір облыста бірнеше еріктілер ұйымы жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын дәлелдеп жүр. Бұған Жастар орталығында өткен "Volunteer Fest" облыстық жас еріктілер фестивалінде көз жеткіздік. 

   Жүзден аса ерікті жиылған шараның басты мақсаты – «Волонтерлар жылына» дайындық жасау, сұраныс пен ұсынысты ескеріп шешім қабылдау. Облыстық жастар саясаты және мәселелері басқармасы, «Сана» зияткер жастар ҚҚ-ның ұйымдастыруымен өткен жиында басқарма басшысы Қуаныш Жанұзақов бұл шара келер жылға алғашқы қадам екенін атап айтты.

Алдағы жылы ауқымды істер атқарылуы үшін биылдан бастап ауыл, аудан, қала еріктілері арасында байланыс болғаны дұрыс. Сондықтан фестиваль еріктілер үшін бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасатын алаңға айналды. Жиында «Сана» зияткер жастар ҚҚ-ның президенті Сабыржан Кеңшілік еріктілермен жұмыс барысында кездесетін мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсынды.

  Бұл қоғамдық қор облыста «Жеңіс» жобасын ұйымдастырумен белгілі. Волонтерлар жылына төрт рет ҰОС, тыл ардагерлеріне материалдық көмек көрсетіп, үй шаруасына көмектеседі. Бір жақсысы, олардың көмегі бір реттік шара емес. Себебі, әр ардагерге жыл бойына бір ерікті жауапты болып бекітілген.

      Ерікті болу еріккеннің ермегі емес, кейді тіпті ерлік. Ең бастысы, ол қоғамды өркениетке бастайтын ниеті оң, жүрегі кең адамдардың жұмысы. Айталық, 100-ден аса адамды біріктірген «Жаңғырған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры осы кезге дейін екі отбасының қоныс тойын тойлауына себепкер болды. Қазір Жаңақорған ауданында үшінші үйдің құрылысы салынуда. Бес бағыт бойынша басқаларға көмектесетін еріктілер бұл жұмысты алғаш 2 мың теңгеден қаржы жиып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік әперуден бастаған.

Жиында Абай айтқан үш қасиет – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегімен қоғамға қуаныш сыйлап жүрген еріктелер жобаларымен таныстырды. Сондай-ақ, еріктілер арасында достықты қалыптастыру мақсатында «Ұлағат ұландары» жастар қоғамдық бірлестігі тимбилдниг форматындағы квест ойындарын ұйымдастырды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қазан 2019 г. 810 0