Ілгерілеудің кілті – ізденісте

Қазір ақпарат заманы болғандықтан, іздеген дүниеңізді, өзіңізді дамытуға қажет кеңесті желіден таба аласыз. Болмаса, көргені мен көкейге түйгені көп, тәжірибесі мол медиатренерлердің көмегіне жүгінесіз. Үздіксіз даму мен ізденістің соңында жүретін ақпарат саласының мамандары екінші нұсқаны құп көреді. Оны біз облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Ұшқыр жебе»  қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен кезекті семинар-тренингте байқадық.

 Сүлеймен Демирел атындағы университет оқытушысы, белгілі журналист Асхат Еркімбай жүргізген бұл басқосу  өзара тәжірибе алмасу, цифрлық технологиялардың жаңа тенденцияларымен танысу алаңына айналды десек болады. Шара аясында «Ашық дерек негізінде ақпарат әзірлеу жолдары» және «Мультимедиа мен дата визуализация» тақырыптары талқыланды. Спикер «Дата журналистика» ұғымын тарқата отырып, оның соңғы елу жылдың көлемінде пайда болғанымен, негізгі бастауын «Зерттеу журналистикасынан» алатынан алға тартты.

– Ол интернеттегі ауқымды деректі сараптап, ішіндегі оқиғаның жай-жапсарын түсіндіру дегенге саяды. Бұған дейін инвестигейтив, яғни зерттеу барысында құпия құжаттың астарына үңіліп, қоғам үшін маңызы бар деректі баяндауға күш салынатын. Ал, қазіргі дата журналист анализ жасаумен қатар, күрделі сандардың арасынан қызықты оқиғаны да көре білу керек. Ол үшін көбіне компьютер бағдарламаларының көмегіне сүйенген дұрыс, – деді медиатренер.

Сондай-ақ, спикер журналистер ағылшын тілімен қатар, жаңа құралдарды жетік меңгерсе, еңбектің нәтижелі боларын қаперге салды. Қанша жыл өтсе де, дәстүрлі медианың ішінде салалық медиа қалыптаспағанын, ал ол олқылықтың орнын онлайн медиада толтыру өте маңызды екенін айтты. Қатысушылар да өздерін толғандырған сұраққа жауап алып, медиасауаттылықты арттыруға бағытталған шарадан түйгені көп екендіктерін жеткізді. 

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қазан 2019 г. 568 0