«Қазақфильм» жуырда бірнеше қызықты фильм шығармақ

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жуырда киносүйер қауымды бірнеше көркем және деректі фильммен қуантпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұрт тағатсыздана күтіп жүрген көркем фильмдердің бірі – Шәкен Аймановтың 1957 жылы шыққан «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалық комедиясының екінші бөлімі. Жаңа картинаның режиссері - Асқар Бисембин. Фильм шамамен 2021 жылдың көктемінде прокатқа шығады.

2020 жылдың аяғында режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Ұзақ жаңғырық» көркем фильмі көрерменге жол тартады. Картинада поляк жазушысы, Қазақстанға жер аударылған төңкерісші, даланың этнографиялық құндылықтарын жинаған Адольф Янушкевичтің тағдыры сөз болады.

Қазір киностудияда режиссер Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» фильмі түсіріліп жатыр. Фильм қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың бұлтарыс-қалтарысқа толы тағдырына, шығармашылығына арналған. Фильм келер жылдың аяғына қарай үлкен экранға шығады.

Биыл қысқа қарай екі деректі фильм көрерменге жол тартады. А. Каменскийдің «Нұркен Әбдіров. Мәңгілік өмір шыңына» деректі фильмінде миллиондаған адам қатысқан соғыс арқылы адам тағдыры суреттеледі. Фильмнің бас кейіпкері – ерлік пен батылдықтың символына айналған қаһарман батыр Нұркен Әбдіров.

Б. Қайырбековтің «Керей жылқысы» қазақ халқының қанаты – жылқыға арналады.

Айта кетейік, 27 қыркүйектен бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясы Sataifilm компаниясымен бірге түсірген «Томирис» фильмі көрсетіліп жатыр.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қазан 2019 г. 390 0