Азаматтық борышты өтеу – парыз

Бейсенбіде ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне мерзімді әскери қызметке шақыртылған азаматтарды шығарып салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысып, жастарға азаматтық борышын адал атқаруға тілектестігін білдірді.

– Әскери міндетті өтеу – қасиетті борыш. Сол себепті, жастарды еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына салтанатты түрде шығарып салуды біз ізгі дәстүрге айналдырдық. Тәуелсіз мемлекетіміздің айбынды әскерінің қатарына аймақтан жылына екі мыңға жуық азамат аттанады. Қазіргі таңда жүргізілген реформаларға сай, әскерге шақырылушыларға қойылар талап та күшті. Қарулы Күштерде қызмет ету құрыштай берік денсаулықты, білімділік пен ептілікті талап етеді. Отан алдындағы борыштарыңызды адал атқарып, елге аман-есен оралуларыңызға тілектеспіз, – деді аймақ басшысы.

Байқағанымыздай, жоғары бі­лім­ді, психологиялық тесттен сү­рін­бей өткен бұл жастар әс­ке­ри қызметке баруға өздері ниет біл­дірген. Енді олар темірдей тәр­тіп­ке бағына отырып, ел шебін күзетеді.

Айта кетейік, биыл көктемде ҚР Қарулы күштер қатарына 811 адам жіберілген. Ал, күзгі мерзімде әскери қызметке тапсырыс саны 788-ді құрады. Оның ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметіне – 180, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне – 3, ҚР Қарулы Күштеріне – 305, ҚР Ұлттық ұланға – 300 адам. Бүгінгі таңда барлық медициналық комиссиялар тиісті біліктілігі бар маман дәрігерлерден құралған және қажетті медициналық құралдармен қамтамасыз етілген. Аудандар мен қалалардағы әскерге шақыру пункттері, сондай-ақ, облыстық жиын пункті бөлек ғимараттармен қамтылған. Ардагерлердің, үкімет­тік емес ұйым жетекшілері мен бел­сенді жастардың қатысуымен па­триот­тық шаралар да жиі ұйымдастырылады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қазан 2019 г. 526 0