Алдағы жылы қазан айының 1 мен 30 аралығында республика бойынша Ұлттық халық санағы өткізіледі. Бүгінде халық санағының «Қазақстанда әркім маңызды» атты девизі мен логотипі бекітілген.
2020 жылғы халық санағының алдыңғылардан айырмашылығы ақпараттық технологияны қолдана отырып, ғаламтор желісі арқылы және қолайлы есептеуіш құрылғы арқылы өткізілуінде болып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің облыс бойынша статистика департаменті басшысы Мариям Баекеева мәлімдеді.
Облыста көше қиылыстарына аншлагтар орнату, ғимараттарға, үйлерге және пәтерлерге реттік нөмір беру, нөмірлеуді реттеу, үйлердің маңдайшаларына көше атауы және ғимарат нөмірлері орналастырылуда. Санақты жүргізуге қажетті қала, аудан орталықтарының схемалық картографиялық материалдары 4 данадан, ауылдық округтердің карталары 3 данадан қағаз түрінде шығарылып, дайындалған.
Ал, облыстағы демографиялық ахуалға тоқталатын болсақ, 2019 жылдың 1 қаңтарына халық саны – 794,3 мың адам, 9 айлық есеп бойынша 800,8 мың адамға жеткен. Облыс халқының болжамды өмірінің орташа ұзақтығы 2005 жылмен салыстырғанда 7 жылға ұзарып, 72,9 жасты құрады. Ерлерде 69,2 жасты құрады, ал әйелдерде 76,8 жас, яғни 7,6 жасқа ұзағырақ екені байқалады. 2019 жылдың қаңтар-тамызында 12,7 мың адам дүние есігін ашты, оның ішінде 121 жұп егіздер және екі үшем дүниеге келген.
– Халық арасында дүниеге келген қыз балаларға Айжұлдыз, Кәусар, Әнел, Медина, ал ер балаларға Мансұр, Сұлтан, Санжар есімдері көбірек берілуде. Ең сирек есімдер – Бибіпатима, Асыл-ай, Иран-Ғайып, Аятхан, – деді М. Баекеева.
Шынар БЕКБАН.