Ақынның қаламы – адалдық алаңы

Кеше Жастар орталығында «Ақынның қаламы – адалдық алаңы (Әділдік. Парасаттылық. Сенім)» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасының ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты. 

Поэзия арқылы жастар бойын­да адалдық пен сенімділікті қалып­тастыруды көздеген шара Жастар жылы аясында облыс әкімдігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыстық департаментінің қол­дауымен ұйымдастырылуда.

– Жастар тәрбиесі – қай кезде де қоғамның өзекті мәселесі. Жас­тары­мыздың бала күнінде ал­ған тәрбиесі, бойына сіңірген қа­сиеттері өмір бойы жолбасшысы болады. Мағжан Жұмабаев «тәр­биелеудегі басты мақсат – баланы тәрбиелеушінің өзіндей қы­лып шығару емес, келешек өз заманына лайықты қылып шығару» деген болатын. Әр заман адамы­ның ұстанымында өзгешелік болға­нымен, негізгі қадір-қасиеттеріміз, ата-бабамыздың аманатымен келе жатқан қазақы құндылық бойымызда болады.

Адам сөзбен, прозамен жеткізе алмайтын дүниені поэзия жеткізеді. Ал поэзия жеткізе алмайтын дүниені музыка жеткізеді. Сондықтан поэ­зия кешіне өз үлесімізді қосуымыз керек деп ойлаймын, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Ал, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің об­лыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ния­зов мүшәйраны ұйымдастырудағы басты мақсат кейінгіге өлмейтін сөз қалдыру екенін, сондай-ақ, жас ақындардың туындылары жинақ­талып, республикаға таратылатынын жеткізді.

Жиында мүшәйраның алғашқы үміткерлері Айдар Сайлауов пен Сәния Жақып өлең оқыды. Айта ке­тейік, мүшәйраға 14 пен 29 жас ара­лығындағы жазба ақын­дар қатыса алады, ал өлеңдер осы жылдың 25 қазанына дейін қабылданады.


Айдана ЖҰМАДИНОВА,

"Сыр бойы".

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қазан 2019 г. 880 0