Әдеп кеңесі – әділет таразысы

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында күн тәртібіне ұсынылған бірқатар мәселе жан-жақты талқыланды. Жиында Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев кеңес мүшелерін  атқарылған жұмыстармен, алға межеленген жоспарлармен таныстырды.

Баяндамадан түйгеніміздей, аудан әкімдігі мемлекеттік қызмет заңнамаларының профилактикасы бағытында бірқатар жұмыс атқарып келеді. Өткен жылы ҮЕҰ мүшелерінен тұратын сыртқы талдау және бағалау жүргізу жөніндегі арнайы мониторингтік топ құрылған. Мониторингтік топ бүгінде еңбек қатынастарындағы заңнама талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алып отыр. Бұдан бөлек, аудан басшысы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы шараларды ортаға салды. Ауқымды іс бар, алайда оның нәтижесі уақыт еншісінде. Себебі, облыс бойынша мемлекеттік қызметтердің электронды үлесі 92 процентті құраса, соның 14 проценті ауданға тиесілі екен. Бұл ретте кеңес мүшелері аудан әкімдігіне мемлекеттік сатып алу туралы және мемлекеттік қызмет көрсету заңнама бұзушылықтарын болдырмау бағытында нақты шаралар жоспарын бекітуді ұсынды. Сондай-ақ, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметтердің үлесін көбейтуді, құқықтық оқуларды тұрақты түрде жүргізуді тапсырды.

Келесі кезекте Қармақшы ауданы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Әділ Қошалақовтың баяндамасы тыңдалды. Ауданда мемлекеттік органдардың ашық қызметін қамтамасыз ету бағытында «Open space», яғни «Ашық кеңістік» форматы жүзеге асқан. Мемлекеттік сатып алуды іске асыру, шарт жасасу, атқарылған жұмыс актілеріне және төлем шоттарына қол қою барысында жүйелі талдау жүргізілді. Мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптан аттаған 27 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мемлекеттік қызметке қабылдану барысында жақын туыстарының қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жасыру, қызметке кіру кезінде жалған құжат ұсыну фактілері кездескен. Орын алған олқылықтар зерделеніп, қажетті шара қабылданады. Кеңес мүшелері Ә.Қошалақовқа азаматтық қоғам институттарымен бірлесе іс-қимыл жоспарын бекітуге ұсыным берді.

Мұнан соң облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тәртіптік комиссиясының жұмыс нәтижесі талқыланды. Мұнда да кемшілік анықталып отыр. Департамент басшысының бұйрығымен жоспарлау, талдау және есептілік бөлімінің бас маманы-заңгер Т.Бакиевке «қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Алайда, тәртіптік жазаны қолдану барысында қызметтік тергеп-тексеру жүргізілмеген, мәселе департаменттің тәртіптік комиссиясында қаралмаған және тиісті ұсыным шықпаған. Департамент басшысы  М.Егембердиевке тәртіптік жазаны қолдану кезінде «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану» қағидалары талаптарын қатаң сақтау ұсынылды. 

Бұдан бөлек, жиында қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметованың тәртіптік ісі қаралды. Мән-жайды тарқатып айтсақ. 19 қыркүйекте тәуелсіз журналист Сәуле Әбілдаханқызы «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында бейнеролик жариялаған. Бейнероликтен кейін желі қолданушылары бөлім басшысы азаматтарды қабылдау кезінде әдеп нормаларының талаптарын сақтамады деген сыни пікір білдірген. Бұл ретте кеңес мүшелері Гүлмира Рахметованың түсінігін тыңдап, әрекетін құқықтық жағынан бағалады. Мемлекеттік қызметшіге ескерту берілді.

Шара соңында кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшінің мінсіз болу керектігін және оның мәртебесін арттыру кезек күттірмейтін мәселе екенін тағы бір қаперге салды. Табалдырықты әдеппен аттамай, төрге озу жоқтығын ұмытпауға шақырды.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қазан 2019 г. 724 0