Кеңес алып, іс бастаңыз

Бүгінде кәсіп ашамын деген жан «кімнен жөн сұраймын?» деп алаңдамайды. Жөн сілтейтін, тіпті қажетті құжатын дайындап беріп, кәсіп ашамын дегенше демеп жіберетін орталық бар. Бұл орталық атына сай кәсіпкерлерге қай кезде де қызмет көрсетуге әзір.

2017 жылы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы жанынан ашылған «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» «Бір терезе» қағидаты бойынша 9 бағыт аясында 68 қызмет түрін ақысыз көрсетеді. Сондай-ақ орталықта көші қон қызметі және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған фронт-офис те бар. Фронт-офис кәсіпкерлер құқығының қорғалуына, орталыққа келген кәсіпкердің мәселесін дер кезінде шешуге қызмет етеді.

– Бұрынғыдай кәсіпкер құжат соңында жүріп уақыт жоғалтпайды. Құжаттар тізімін орталыққа тапсырып, алаңсыз өз ісімен айналыса береді. Орталық қызметкерлері рұқсат құжаттарын толық рәсімдеп, дайын етіп ұсынады, – дейді орталық директоры Батыржан Аймағанбетов.

Осы орайда «орталық қандай қызмет көрсетеді?» деген сауал туындауы заңдылық. Бұрын кәсіпкерлер техникалық шарт алу үшін коммуналдық мекемелердің  табалдырығын тоздыратын. Бір рұқсат қағазына 1 ай жоғалтатын.

– Техникалық шарттарды алу мерзімін қысқарту және әкімшілік кедергілерді жою мақсатында орталық пен тиісті мекемелер арасында ынтымақтастық меморандумы жасалды. Нәтижесінде бұл құжатты орталықтан және 5 жұмыс күні ішінде алуға мүмкіндік жасалды, – директор.

Айта кетелік, орталықта өткен жылы кәсіпкерлерге 6070 қызмет көрсетілсе, биылғы жылдың 9 айында 6053 қызмет көрсетілген.

Орталықтың алдағы жоспары да айқын. Кәсіпкерлерге тиімді болу үшін жаңа қызмет түрлерін зерттеу, «Kasipker Online» бағдарламалық кешенін енгізу, интернет-дүкен ашу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу және көмек көрсету, қолайлы инвестициялық климат құру алға қойған.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,

«Сыр бойы.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қазан 2019 г. 1 306 0