« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ республикалық лепрозориіне – 90 жыл. Осыған орай А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде шетелдік мамандардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Лепрология, дерматовенерология және дерматокосметологияның өзекті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық конференцияға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысып, сала мамандарын, мәртебелі меймандарды құттықтады.
– Қызылорда қаласы Қазақ кеңестік республикасының астанасы болған жылдары бой көтерген мекеме күні бүгінге дейін қызметін атқарып, өзіндік дәстүрі қалыптасқан іргелі емдеу-сауықтыру орнына айналды. Бүгінде әлемдік қауымдастық алдында лепра ауруын толастату міндеті тұрғаны белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде 20-22 млн адам лепра сырқатымен өмір сүруде. Жыл сайын 200 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелсе, оның 10 проценті балалар үлесінде. Сала мамандары дүниежүзі ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, ғылыми-тәжірибелік қарым-қатынасты нығайту арқылы лепраны емдеудің заманауи тәсілдерін енгізіп, жазылатын аурулар санатына жатқызды. Науқастарды оқшаулау тарих қойнауына кетіп, көбісі қоғам өміріне белсене араласуда. Бұл еліміздің лепродәрігерлерінің ғасырға жуық еңбегінің нәтижесі деуге болады,– деді ол.
Шарада бірқатар сала үздіктері мен меймандарға облыс әкімінің «Алғыс хаты», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, ҚРДенсаулық министрлігінің «Құрмет грамотасы» табысталды.
Қазақстандағы лепраға қарсы күрестің басталуы 1929 жылы Қазақ лепрозориінің ұйымдастырылуымен тікелей байланысты. Осы уақытта Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы мен Сырдария өзенінің теңізге құяр сағасында лепра ошақтарының бары белгілі болды. Жаңадан ашылған емдеу орнының базасы ретінде қаладан 9 шақырымдағы австриялық әскери тұтқындарға арналған колонияның бұрынғы ғимараты таңдалды. Бірақ ол ауруларды орналастыруға жарамсыз еді. Сырқаттар санының өсуі төсек орнын көбейтуді қажет етті. Онда 1936 жылы –108, 1941 жылы – 296, 1949 жылы – 473, 1959 жылы 876 науқас жатты. Материалдық базаның өз деңгейінде болмауы стационарлық сырқаттар арасында ерекше тығыздық тудырды. Қалыптасқан жағдай жаңа ғимарат салу мәселесін алға тартты. Осыған орай 1956 жылы Қазақ КСР Үкіметінің қаулысымен Талдыарал тоғайлығының жер учаскесі мен лепрозорий ғимараты кешенінің құрылысына қаржы бөлінді. Лепрадан жапа шеккендер тек ғана оқшауланды және жылдар бойы лепрозориден сыртқа шығарылмады. Тұрғындар жаппай тексеруден өткізілді. Сырқаттар өткен ғасырдың 50 - жылдары көп тіркелді, яғни, аурушаңдық деңгейінің ең жоғары көрсеткіші сол жылдарға сәйкес келеді. 1953 жылы лепрозориде эпидемиологиялық бөлім ашылды. Дәрігерлер дертті емдеуге сульфондық препараттарды алғаш рет қолданды. Бүгінде лепрозориде барлығы 201 адам еңбек етеді. Мамандар дүниежүзінің және ТМД елдерінің лепрологтарымен, германияның Вюрзбург қаласында орналасқан туберкулез және лепраға қарсы күрес ұйымымен тығыз байланыста. Лепрозорий жұмысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының назарында. Олар емдік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.
Биылғы жылдың басындағы мәлімет бойынша елімізде аталған дертке шалдыққан 381 және аурумен байланыста болған 217 адам өмір сүреді.
Конференцияда лепра мен туберкулез науқастарына көмек беру неміс қауымдастығының мүшесі Романа Драбик Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық пен достықтың тарихы, әлемдегі лепра ауруының қазіргі жағдайы туралы баяндады. Ол осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанға, оның ішінде Сыр өңіріне жұмыс барысымен келгенін, қауымдастықтың Қазақстанмен 1995 жылдан бері бірлескен профилактикалық жұмысты жалғастырып келе жатқанын айтты.
– 1993 жылы неміс телеарнасынан «Қазлепрозориясы» туралы фильмді көріп қалдым. Сонан менің ойымнан Қазақстан шықпай қойды. Алғашқы байланысымыз Динслакен қаласында өткен конгрестен басталды. 1994 жылы Қазақстанға алғаш рет келдім. 1995 жылдан бастап тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасай бастадық. Лепра дертіне қатысты барлық халықаралық конференциялар мен конгрестерге Қазақ республикалық лепрозориінің бас дәрігері Молдағали Сейталиевпен бірге қатысып келеміз,– деді ол.
Айта кету керек, Динслакен қаласындағы бүкіләлемдік алапес және туберкулезбен күресу қауымдастығы науқастарға үлкен материалдық көмек көрсетуді жолға қойған. Доктор Романа көп жылдар бойы алапес дертіне қатысты халықаралық түрлі шараларды, атап айтқанда, конференциялар мен конгрестерді қаржыландырып, демеушілік жасап келеді.
Онан соң Ресей орталық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Владислав Гергерттің «Туберкулездің иммунодиагностика мәселелері» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.
Конференцияның екінші бөлімі «Достық үйінде» жалғасты.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |