Қызылордада кезектен тыс пәтер алып беретінін айтып елді алдаған азаматшаға қатысты сот үкімі шықты. Ол екі жыл көлемінде жәбірленушілерге 30 млн теңгеден астам мүліктік шығын келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оңай жолмен ақша табуды мақсат еткен азаматша ойлаған ісін 2017-2019 жылдар аралығында жүзеге асырған. Ол өзін әкімшілікте қызмет атқаратынын айтып, қала аумағында жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерден кезектен тыс пәтер алып беретініне сендірген. Дегенмен ол 27 жәбірленушіге 30 млн теңгеден астам мүліктік шығын келтірген. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Қызылорда қаласы №2 сотының үкімімен азаматша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қызылорда қаласының №2 сотында биыл 505 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде 101-і алаяқтық қылмыс ретінде тіркелген. Сотта қаралған әрбір бесінші іс - алаяқтық қылмыс. Бұдан бұрын 58 адамның 66 млн теңгесін алдап алған қызылордалық сотталған-ды.