Қазақстанда қай өңір тұрғындарының табысы ең жоғары?

Дүниежүзілік банктің сарапшылары еліміздің кейбір өңірлеріндегі тұрғындар күніне 2145 теңгеге өмір сүретінін айтып отыр.

Қазақстанда кедейшілік деңгейінің төмендеу қарқыны бәсеңдеген. Бұл туралы дүниежүзілік банктің сарапшылары айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Халықаралық кедейшілікпен күрес күніне орай Алматыда дүниежүзілік банк сарапшыларының қатысуымен отырыс өтті.

Кедейшілік жойылды

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан егемендік алғалы кедейшілікті төмендету бойынша айтарлықтай табысқа жетіпті. Халықаралық кедейшіліктің көрсеткіші күніне 1,9 доллар (741 теңге, 1 доллар – 390 теңге) долларды құрайды.

2002-2009 жылдары Қазақстанда кедейлікті төмендету қарқынды жүрді. Бұл уақытта кедейлік деңгейі жылына 4%-ке түскен. Нәтижесінде еліміз табысы төмен елдер арасында (күніне 3,2 доллар немесе 1248 теңге) кедейшілікті жойды.

Табысы орташадан жоғары яғни күніне 5,5 долларды (2145 теңге) құрайтын елдер рейтингінде Қазақстанның кедейлік деңгейі төмендеген. 2002 жылы 65% болса,  2013 жылы 6 процент болды.

Экономикалық тұрақсыздық

Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, экономикалық тұрақсыздық кезінде қазақстандықтардың біразы қиын жағдайға тап болған.

"2005 және 2013-2016 жылдар аралығында болған екі жағдайды атап өтуге болады. Күнкөріс өсімі төмендеген шақта қазақстандықтардың басым бөлігі кедейлікке жақын күйге түсті. Алайда оны жоқшылық деп айтуға болмайды", - делінген банк таратқан хабарламада.

Осылайша, кедейлік деңгейін күніне 5,5 доллармен (2145 теңге) есептеген жағдайда Қазақстанда бұл көрсеткіш 2013 жылы 6%-тен 2016 жылы 11%-ке көтеріліпті. 

Қазақстандықтар қалай тұрып жатыр?

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы кедейліктің орташа деңгейі -(күніне 5,5 доллар немесе 2145 теңге) 8,6% шамасында.

Дүниежүзілік банк болжамына сай, дамудың қазіргі қарқынымен 2021 жылға дейін көрсеткіш 6%-тен жоғары болады.

Кедей өңірлер

Алайда сарапшылар Ордабасы, Сарыағаш (Түркістан облысы), Аягөз (Шығыс Қазақстан облысы) және Жамбыл облысының кейбір аудандарында (күніне 5,5 доллары (2145 теңге) көрсеткішіне сәйкес) кедейлік деңгейі 30%-тен асқанын айтады. 

"Талдау нәтижесінде Қазақстандағы орташа табыс алатындар, негізінен, астана және Алматы сияқты ірі қалалар мен олардың айналасында тұратыны анықталды", - делінген хабарламада.

Баспана мәселесі

Нұр-Сұлтан мен Алматыда елдегі орташа бағамен салыстырғанда тұрғын үй бағасы 190- 240%-ке қымбат.

"Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, жергілікті жалақыға Алматы және Нұр-Сұлтаннан үй алу мүмкін емес. Тіпті, Сан-Франсиско (АҚШ), Сидней (Австралия) және Ванкувер (Канада) сынды әлемдегі ең қымбат мегаполистермен салыстырғанда бұл тиімсіз баға қолжетімсіз", - делінген хабарламада,

"Дүниежүзілік банк адамдарға тұрғын үйге қолжетімді болатын және дамыған қалаларда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін саясатты ұсынады. Оған қоса, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін жалақының өсуіне ықпал етіп, әрі тұрмысы төмен адамдарға, оның ішінде жастар мен әйелдерге қолдау көрсету өте маңызды", - дейді Орталық Азиядағы дүниежүзілік банктің экономисі Уильям Зейтц.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қазан 2019 г. 403 0