10 қазан күні Қазақстанның басым бөлігі антициклон ықпалында болады. Соған байланысты жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Тек солтүстік-батыста және солтүстікте атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Солтүстік-батыста – түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар аралас жаңбыр), солтүстікте бұршақ жаууы ықтимал. Ел бойынша жекелеген өңірлерде тұман, екпінді жел, оңтүстік-батыста шаңды дауыл болжанады, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, таңертең және күндіз Қызылорда, күндіз Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде найзағай күтіледі, жел 15-20 м/с күшейеді. Қызылорда облысында желдің күші екпіні 25 м/с жетеді. Солтүстік Қазақстан облысында бұршақ жаууы ықтимал.
Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай, тұман, 15-20 м/с екпіндегі жел болжанады.
Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының кей жерлерін тұман басып, желдің күші 15-20 м/с артады. Маңғыстау облысында-шаңды дауыл күтіледі.
Атырау, Батыс Қазақстан, түнде Алматы облыстарының кей жерлерінде тұман болады.
Күндіз Қарағанды облысының кей жерлерінде жел күшейеді, күші - 18 м/с.
Сондай-ақ Түркістан облысының басым бөлігінде, Қызылорда облысының шығысында, Жамбыл облысының батысында және Қарағанды облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Батыс Қазақстан облысының онтүстік-шығысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс бөлігінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.