БҰҰ Қызылорда облысына 8,7 млн. АҚШ долларын бөледі

БҰҰ Қызылорда облысына 8,7 млн. АҚШ долларын бөледіБҰҰ Қызылорда облысындағы 47 тіректі елді мекенді дамытуға 8,7 млн. АҚШ долларын бөледі. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қызылорда облысы әкімдігі арасында бірлескен жаңа бағдарлама арқылы жүзеге аспақ. 
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл осы мақсатта екі жақты келісімге қол қойды. Әріптестік аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізетін зор қадам болмақ.
– Аймаққа тартылып жатқан инвестиция көлемі жыл өткен сайын артуда. Халықаралық ұйымдармен байланыс күшейді. Келіссөздер нәтижесінде ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Әлеуметтік жобалардың маңызы жоғары. БҰҰ үш жылда өңірге салатын қаржысы ауылдардың тұрмысын тұзеуге жұмсалады.  Бұл жұмыстарды бірлесе жүзеге асыратын боламыз, - деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев. 
Облыс әкімдігімен бірлескен бағдарламаны БҰҰ-ның алты агенттіктерінің білікті мамандары көмегімен жүзеге асыратын болады. Ол агенттіктердің қатарында UNDP –  Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы, UNESCO – Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі біріккен ұлттар ұйымы, UNFPA – БҰҰ Халық саласындағы қоры, UNICEF – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры, UN Women – БҰҰ Гендерлік теңдік және әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы және WHO  – Бүкіл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кіреді. 
– Бағдарлама арқасында жасыл экономиканы дамыту, халықтың денсаулығын жақсарту, бизнесті өркендету және барлық тұрғындарға тең құқықты алып беру көзделген. Қызылорданың қай салада болмасын даму көрсеткіші қуантады. Дегенмен, әлі де халықтың жағдайын жақсарту үшін жұмыс жасау керек. Біз қолдан келген көмекті жасауға әзірміз, - деді БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл.
Бұл бағдарлама Қызылордамен қатар Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. БҰҰ өкілдерінің мәлімдеуінше, бағдарламаның нәтижесі үш жылдан соң көрінеді.  Ол үшін бағдарламаның жүзеге асыруға отандық сарапшылармен бірге халықаралық мамандар тартылып,  семинар, тренингтер ұйымдастырылады. Қызылорданың  экономикалық,  әлеуметтік және экологиялық саласын дамытуды мақсат еткен бағдарламаны бірлесе жүзеге асыруға байланысты екі тарап меморандумға қол қойды. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 шілде 2014 г. 787 0