Қызылорда облыстық сотының мәжіліс залында Қызылорда облысы соттарының 2014 жылдың 6 айында сот әділдігін жүзеге асыру барысында атқарған жұмыстары бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясын облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апеллияциялық сот алқасының төрағасы Қ.Адранов, облыстық сот судьясы, баспасөз қызметін үйлестірушісі С.Баймаханов және судья А.Қожаниязов жүргізді.
Жиында облыс соттарының 2014 жылдың 6 айында атқарған жұмыс қорытындылары талқыға салынып, қоғамдық пікір туғызған істер аясында әңгіме өрбіді.
Алқа төрағасы Қ.Адранов өз сөзінде: «Өңірімізде электронды талап арыз берушілер саны ұлғайып, «Сот медиациясы» аясында бітімгершілікке келген істер қатары көбейген. Сондай-ақ, «Сот кабинеті» жобасы іске асуда.
Судьялардың VІ съезінде Елбасы көтерген бірқатар мәселелер шешімін тауып, бүгінгі таңда сот залдарында аудео-бейне қондырғылар орнатылған. Сот отырысының ашықтығы сот жүйесінің тиімділігін, судьялардың кәсібилігін арттыруға бағытталған. Әр судьяның қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігі – оның тазалығы мен құзыретінің кепілі» деді.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, есептік кезеңде аудандық және оған теңестірілген соттарының өндірісіне 10962 талап арыз (арыз, шағым) түскен (2013 ж. 6 айы - 9308), яғни өткен жылмен салыстырғанда арыздар 1654-ке немесе 16 пайызға өскен. Ал, электронды түрде экономикалық сотқа барлығы 1096 талап арыз түскен. 8342 әкімшілік іс түсіп (2013 ж. 6 айы – 11463 іс), өткен жылмен салыстырғанда 3121 іске немесе 37,4 пайызға азайған. Сондай-ақ, жергілікті соттарда 84 қылмыстық іс өткен жылдан қалдыққа қалған, 901 қылмыстық іс түсіп, 864 қылмыстық іс 970 адам бойынша қаралған.