Оқушылар Шиелі ауданында қазақ дәстүрімен танысты

Қызылорда облысында жас ұрпақты қазақтың көне дәстүрімен таныстыру мақсатында арнайы жоба жүзеге асып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл игілікті шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында қолға алынып отыр.
Сыр өңірінде «Village life» жобасы жүзеге асырылып келді. Осы орайда Қызылорда қаласындағы №212 мектеп-гимназиясының үздік оқушылары Шиелі ауданына барып қайтты. Жас өрендер алдымен Шиелі ауданы Ы.Жақаев ауылында қазақы өмірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Ауылдың құрметті ақсақалы Нұрлан Махмұтұлының шаңырағында болып, жылқы шаруашылығымен танысты.
Музей қызметкерлері киіз үйдің сүйектері мен жабдықтары туралы, қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары туралы танымды экскурсия жүргізіп, тарихи деректер келтірді. Жоба аясында оқушылар күбі пісіп, май алу технологиясымен танысты. Диірмен тартып, одан талқан алды. Қолөнершілер шеберлік сағатын көрсетіп, оқушылар нәтижесінде ши, кілем тоқыды.
Оқушылар одан кейін Шиелі аудандық тарихи-өлкетану, Ы.Жақаевтың күріш өсіру тарихы және Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейлерінің экспозициясымен танысты. Жылқы, сиыр, қой шаруашылығының қыр-сырымен танысып, бие саууды тамашалады. Мал төлінің күтіміне байланысты ырым-тыйымдар туралы танымды әңгімелер тыңдап, тағылымды ой түйді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қазан 2019 г. 527 0