Перзентханадан шыққан шудан кейін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау Вице-Министрі бастаған комиссия келді, деп хабарлайды
https://egemen.kz.
Өткен аптада Атырау облыстық перинаталдық орталығының басшысы қамауға алынды. Алғашында лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланды және сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген күдікке ілінген бас дәрігерге қатысты кейін тағы бір дерек шықты. 29 қыркүйекте дүниеге келген нәресте тіршілік белгісін білдірмегендіктен, дәрігерлер «баланың өлі туғаны» туралы анықтама жазып, денесін тоңазытқышқа жіберген. Ал біраз уақыттан соң сәбидің тірі екені анықталады, бірақ ақ халаттылар оны тоңазытқыштан шығармаған. Себеп, әлде сылтау: «Базаға енгізілген мәліметті дұрыстау мүмкін емес». Арнайы жедел іздестіру шарасында анықталған бұл жайт туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдола мәлімдеді. Мәселеге пікір білдірген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысын жұмыстан шығаруды ұсынды. Алайда министрлік пен әкімдік тарапынан аталған басқарманың қызметіне сараптама жүргізіліп, нәтижесінде Мәншүк Аймұрзиева лауазымында қалатыны туралы шешім шығарылды. Ал 7 қазан күні облыстық перинаталдық орталықтың 31 қызметкері жұмыстан босатуға өтініш жазды. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаевтың айтуынша, қазір дәрігерлер қызмет орындарында, олармен денсаулық сақтау басқармасының, Министрліктің және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жұмыс жүргізіп жатыр. Аймаққа Денсаулықты сақтау Вице-Министрі Ләззат Ақтаева бастаған Республикалық мекемелердің жетекші мамандары келді. Министрдің орынбасары облыстық, қалалық перинаталдық орталықтардың қызметімен танысып, дәрігерлермен сөйлесті және бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Әрине, қиын жағдай қалыптасса да, мұнайлы өңірдегі медицина саласының ахуалы тым мүшкіл деуге де болмайды. Жыл басынан бері қалалық перзентхананы екінші деңгейден үшінші деңгейге ауыстыру шаралары қолға алынды. «Босандыруды ұйымдастыруға бағытталған жоспарлы шара аясында облыстық перинаталдық орталықтан анестезиолог-реаниматолог ауыстырылды, екі неонатолог келді, бәрі де тәжірибелі, еңбек өтілдері бар мамандар. Аталған ауруханаға Ақтөбе облысынан тағы екі маман-неонатолог келеді. Қалалық перинаталдық орталық 100% жабдықталған, - дейді Мәншүк Аймұрзиева. –Мекеме ауыр дерттері бар жүкті әйелдерге босандыру бойынша сапалы медициналық қызмет көрсетуге дайын».
Басқарма басшысы облыстық перинаталдық орталықтың да жұмысы күшейтілетінін айтады. Жұмыстан кеткен дәрігерлердің орнына Атыраудан, еліміздің басқа да аймақтарынан мамандар шақырылады. Қазір өңірде бала өлімін азайту бойынша жоспарланған шаралардың орындалуын бақылайтын мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. «Атырау облысында бала өлімінің көбеюі тамыз айында байқалды. Жыл сайын елімізде 2,5 мың бала өлімі тіркеледі»,-деді министр Елжан Біртанов Үкімет отырысында.
Статистикаға сүйенсек, республика бойынша Атырау облысындағы бала өлімінің көрсеткіші орташа деңгейде. Соның өзінде соңғы екі айда 40 нәресте шетінеді. Бұл 40 үйдің ғана қайғысы емес...